24.05.2022
  98


Автор: Ибрагим Иса

Түнеп шығу

Ақбоз ат жүр іңірде іздеп от шүйігін,
Жел соғады жыра-сайдан үдеріп.
Шам жарығы
қылаң етіп, шеткі үйдің,
Тіліп түсті күздің меңіреу түнегін.
Жылт-жылт етті қатқан мұзы жылғаның…
Не де болса, үйге кірген оңды еді.
Көрді мені,
шылым шекті,
тыңдады,
Содан кейін:
– Ал, жігітім, қон!– деді.
Жайғасты өзі қараңғы бір бұрышқа,
Қарай-қарай көз әйнектен қалыпты.
Көз тігеді ол шөпке қурап,
гүлі ұшқан…
Ештеңе деп тіс жармастан, жарықтық!
Тымырсықтау шалдар көп қой селода,
Сөйлер сөзі бітіп қалған жандай-ақ:
Бір қызықтау әңгіме айтсаң сен оған –
Тырс етпестен пеш үстіне жантаяр.
Сезем, ертең оятады ол еппен,
Еміс-еміс сөзін естіп қаларсың.
Мен сұраймын:
– Сізге қанша керек? – деп –
Ол айтады:
– Білмеймін ғой шамасын!
Үндеместен кетті қайта бұрышқа,
Терезеге ұзақ қарап қалыпты.
Көзін тігер шөпке қурап, гүлі ұшқан…
Ештеңе деп тіс жармастан, жарықтық!...
Қонып қалам!
Тыныштықтың аты мұң,
Қараңғылық жанымды өзі емдеді.
Маятник ызың етіп ақырын,
Тербеліп тұр,
тербетіп тұр бөлмені.
Анда-санда паром жақтан тек қана,
Өзен жақтан иірімді тұсы көп,
Ақбоз ат жүр мына түнде қап-қара,
Басын шұлғып,
Қояды бір кісінеп…





Пікір жазу