24.05.2022
  92


Автор: Ибрагим Иса

Пойыз

Пойыз зулап келе жатты іркілмей,
Пойыз зулап келе жатты ысқырып.
Оған қарсы сарғыш оттар біртіндеп,
Шашырап кеп жарып өтті қыс түнін.
Пойыз барлық жылдамдықпен зулады,
Көзсіздікті шойын жолдар жыр қылсын.
Мүмкін, бір күш кетер оны аударып,
Мүмкін, тіпті аудара алмас, кім білсін.
Пойыз зулап келеді сол қалпында,
Мүлгиді орман.
Келеді атып таң, міне.
Пойыз жолдан тайып кетер алдында
Зулай ма әлде, өшу үшін мәңгіге….
Жарқыраған от-көзбенен қарайды,
Ағып өтті…
Жол қайда, –деп, жаяуға.
Разъезд,
жанынан бір сарайдың
Мені үйіріп алып кетті,
ой, Аллай-ай!
Дала жатыр үнсіз іштей қыстығып,
Тыныштықтан ада болдым бір түнде.
Зулап келем пойызбенен ысқырып,
Зулап келем пойызбенен іркілмей.
Зулап келем.
жылдамдық сол қалпында,
Жұмбақ болып барам,
содан әурем көп.
Мүмкін, пойыз жолдан таяр алдында,
Айқайлармын әлдекімге:
«Сау бол!...» деп.
Еркім қашты!
жылдамдық сол баяғы,
жылдан-жылға батыл болар жұрт қанша
Қалай ғана пойыз жолдан таяды,
Сонша адам кеп сол пойызға лық толса?!





Пікір жазу