24.05.2022
132
Ештеңе де істемеймін мен саған
Уақыт өтер..
Жазармын сәл басқа өлең –
Не демекпін,
кейін бір-ақ білерсің.
Сен, әрине, тұрмыс құрып басқамен,
Сол кісіге ас әзірлеп жүрерсің.
Қуанады,
түзетеді ол күлкіні,
Арманыңды іске асырар ойға алған.
Сені ол байғұс шыр айналар күн-түні,
Жер сияқты кіндігінде айналған.
Онда не тұр?
Өзімше өмір сүрермін.
Ешбір салмақ түсірмеймін жотама.
Әр күн сайын қаймақ тасып жүрермін,
Асқазаны ауыратын атама.
Ештеңе де істемеймін мен саған,
Дәл осылай өзгеріссіз өтер күн.
Кім біледі, мен де бір күн аңсаған
Арманыммен кездесуге кетермін.
Ештеңе де айта алмадым шешіліп,
Сырғып, жылжып уақыт өтіп барады.
Көзәйнектің ар жағынан тесіліп,
Құрбың маған күстәналай қарады…