Орыс оты
Сақылдаған, сары аязды құрсаған,
Аппақ дүние үнсіз-тілсіз тұр әлі.
Мүлгіп қалған кіп-кішкентай шыршалар,
Аспан түнек,
жағылмаған шырағы.
Меңіреу түпкір!
Менмін жалғыз тірі жан,
Менмін жалғыз
сұп-сұр дала жан-жағым!
Әлсіз жарық (жылт еткен от нұры ма?)
Қарауылдай көлбең етіп қалғаны…
Қар адамы сияқтанып ұсқыным,
Үйге кірдім.
(Үзілмеді үмітім)
Жұққан қарды қағып жатып, естідім:
– Төрлетіңіз,
пеш қызып тұр, жігітім…–
Қартаң әйел құлақ салған сөзіме,
Көзінде оның солғын тірлік
тынысы.
Содан кейін отқа келіп өзі де,
Отырды үнсіз иықтары бүрісіп.
Ресейде сарғыш сурет қалай көп,
Жиегі де қарапайым, құрметті.
Қарап тұрып,
қалдым мылқау жандай боп,
Көрген кезде жетімдерді – суретті.
Қасірет көп,
Жерді шырмап – ораған,
Бақи жандар шығар ма әсте көңілден…
– Айтшы, бауырым,
енді соғыс бола ма?
– Сірә дағы бола қоймас, – дедім мен.
– О, Жаратқан,
жар бола гөр…
Бейбітшілік берсін де,
Қырқысқанмен өш алмақсың сен кімнен.
Кенет тағы:
– Соғыс болмас дейсің бе?
– Енді, сірә, бола қоймас, – деймін мен.
– О, Жаратқан,
жар бола гөр!
Маған ұзақ,
көзі талып кетердей
Қарап тұрды мылқау адам секілді
Қудай басын жерден бір де көтермей,
От қасында үн-түнсіз боп отырды.
Не көрді екен түсінде ол әдемі,
Еркелеткен,
елжіреткен сонда кім?
Шылдырлатып тиынымды пәлелі,
Жазған басым,
бүлдірдім-ау мен бәрін.
– Жолың болсын!
Ақшадан біз тапшылық
Көрді деп пе ең,
не дегенің.
Сау боп тұр!
Жақсылыққа қайтарамыз жақсылықты,
Сүйгендерге ұсынамыз арнап гүл.
Рахмет, орыс оты,
нұрлы әсем,
Әлденеден торыққан бір кезімде,
Жылыттың-ау шалғай түпкір өзінде,
Досым да жоқ,
ешкімім жоқ жерде сен.
Еске алармын мұны талай кейін мен,
Қорқыныш көп,
сенсең егер мұңым көп.
Жанып тұрсың адал ниет пейілмен,
Тас түнекте жанып тұрсың,
тыным жоқ.