24.05.2022
  117


Автор: Ибрагим Иса

Ұмытылмас оқиға

Бала кезде жаяулатып, асығып
Жүретінмін,
келмейтін-ді тоқтағым.
Әлі есімде,
Жол дорбамды асынып
Қара жолмен тартып келе жатқаным.
Сол жолменен жүрдім талай кештетіп,
Білмейтінмін қорқыныштың не екенін.
Бұл жолы да ауыл жаққа ес кетіп,
Келе жатым, деп «қазір-ақ жетемін».
Ойда жоқта боран соға жөнелді!
Түнек түсті,
Тұрды дүлей арбасып!
Орман іші шу шығарып түнерді,
Қара жолды қалды демде қар басып.
Сонау алда,
көрінбейді жүзі анық
Байқап қалдым қараңдаған тұлғаны.
Аяғым да кеткендей ме ұзарып!
«Қасқыр» деген үрей басты шырмады.
Күйген ағаш түбірлерін сан рет
Қасқыр деппін,
сенетұғын дос, кәні.
Жүрегімде қорқыныштан жанып от,
Дос демеуші ем қара жолдан басқаны.
Алға ұмтылам сүрініп те,
құлап та,
Аяғымды боран қармен тұсайды.
Кейде алыстан «У-у» деген сияқты,
«А-а» деген дауысқа да ұқсайды.
… Содан кейін тыныштық боп бұрынғы,
Қар бетіне сәуле ойнап шығатын.
Көрген кезде үрей қонған түрімді
Ауылдастар аң-таң болып тұратын:
– Түрің қалай?
Ауырдың ба?
Не болды?
– Ештеңе емес ,–
деймін ойша арбасып, –
Боран соғып,
орман шулай жөнелді,
Қара жолды жатты аздап қар басып.





Пікір жазу