24.05.2022
  114


Автор: Ибрагим Иса

Күтпеген қонақ

Иті жоқ еді – арсылдады, қалай бұл?
Жарым түнде бұл не ғажап болғаны!
Біреулер жүр маңайында сарайдың,
Бір дауысты бір дауыстар жалғады…
Қонақ жоқта –қонақ келді күтпеген.
Хабар жоқта – хабар келді тағы енді.
Той жалғасы сияқтанып бітпеген,
Үйеңкінің түбі әнге бөленді.
Кешір, мені айналайын, мекенім!
Кешір, мені бірге туған бауырдай!
Бұл арадан, мүмкін ертең кетермін,
Бүгінгі алау қалар сосын жағылмай.
Мүмкін,мұнда келіп тұрмыз соңғы рет,
Мүмкін, енді ешкім келмес жуықта…
Үйеңкінің жапырағы селдіреп,
Желмен сыңсып, күрсінер-ау шыбықтар.
Ай астында, қалды үнсіз таныс бақ,
Туған далам әлі қимай тұр мені.
Барлығы да бара жатты алыстап,
Барып-барып, үзілді иттің үргені.





Пікір жазу