24.05.2022
  150


Автор: Ибрагим Иса

Тұнық - толқын

Толқындар туар бір – бірін қуып асығыс,
Өмірде жиі қосылмаса да басымыз,
Бір теңіз емес, бір көл де емес, өзен де,
Бір бұлақ болып қосылған біздің жасымыз.
Мың тоғыз жүз қырық тоғыз деп айтамыз,
Бұл жылға енді оралмаймыз ғой қайта біз.
Ермейді ешкім уақыттың мәңгі көшіне,
Несіне оған қапаланамыз, қорқамыз.
Құрдасым бар деп өзіңмен іштей теңесем,
Құрдасым бар деп мені іздемейсің неге сен?
Өзіңдей сырбаз, өзіңдей жайсаң жігітпін,
Шашым сәл ұзын демесең.
Сөз айтпас едім, ой айтпас едім кереңге,
Қызметім жоқ, сатым сәл төмен сенен де.
Бір досым бар деп, құрдасым бар деп тұрамын,
Ерғали Сағат дегенде.
Өзіңдей емес мен силап жүрген бар адам,
Жүзіңді көрсем жаныма шуақ тараған.
Құрдасым, сені сұңқарға ғана балағам,
Бір қара мысық өтпесе болды арадан.
Жақсыға деген көңілдің көзі көреген,
Жақсыларменен кеңейеді ғой керегең.
Ерғали досым, өзіңе деген бұл өлең,
Ертеңгі күнге дәнекер болсын деген ем.





Пікір жазу