Тұмағаңды білесің бе, ағайын???
Тұманбай Молдағалиевке
Тұмағаңды білесің бе, ағайын?...
Соның жырын жаттап өстің талайың.
Осы ақынның жырларымен қашанда,
Ашылады күңгірт көңіл сарайың.
Тұмағаңды білесің бе, ей інім?
Ал білмесең, онда саған кейідім.
Бұл ағаңның тұла бойы – мейірім,
Барлық адам кетер еді дос болып,
Осы ағамның берсе, шіркін, пейілін.
Тұмағаңды білесің бе, ей аға?
Бағаласаң осы ағаны бағала.
Бұл ағамның жырлары мен сырлары,
Ән боп ұшып қалықтаған шағала.
Тұмағаңды білесің бе, қарындас?
Білмеген қыз ешкімді де сағынбас.
Махаббатты мәңгі сақтап жүруге,
Осы ағаңның жырын жаттап, бағыңды аш.
Тұмағаңды білесің бе, ей бала?
Бостан босқа қарай берме айнаға.
Саябақта сайраңдадым десең де,
Тұмағаңсыз сол саябақ айдала.
Тұмағаңды білесің бе, Сыр елі?
Сыр деп соққан оның нәзік жүрегі.
Алатаудың бір ұлы ғой десек те,
Сырдың елін өз елім деп жүреді.
Тұмағаңды білесің бе, Сарыарқа?
Тұмағаңсыз мейірімді жоқ орта.
Таңдайсыз ғой, қанбайсыз ғой ән-жырға,
Тұмағамды тыңдайсыз ғой құмарта.
Тұмағаңды білесің бе, Астана?
Құшағыңды қанша ашсаң да басқаға,
Жыр боп жүйткіп, ән боп ұшып келеді,
Тұманбайға құшағыңды аш, қала.
Тұмағаңды білесің бе, Шығыс жақ?
Осы ағаның жырларымен туыс тап.
Осы ақынның жырын жаттап жүріңдер,
Бір-біріңнен кетпес үшін алыстап.
Тұмағаңды білесің бе, Батыс жақ?
Тізгініңді кетпес үшін жат ұстап.
Фаризаның қайсар жырын қалқан ғып,
Қайсар ұлдар жүр қолымен от ұстап.
Тұмағаңды білесің бе, Ұлы елім?
Өз еліне арнап өткен тілегін.
Қатыгезге болу үшін мейірімді,
Беру керек Тұмағаңның жүрегін.
Сізбен, бізбен….
бәрімізбен дос адам,
Алатауға өлең-өрнек қашаған.
Ән сүйетін, жыр сүйетін жан болсаң,
Тұманбайсыз босап қалар босағаң.
Көкірегім жүрген кезде ән салып,
Тұмағамды оқи берем тамсанып,
Тұмағаңа жете алмайтын шығармын,
Ақын болдым десем дағы қаншалық.
Мен бұл сөзді айта аламын жасқанбай,
Жаһаннамға жар салып.
Жұбататын жетімдерді жылаған,
Қастерлі де, қасиетті бұл ағам,
Туған елге, туған жерге қашанда,
Жаратқаннан тек жақсылық сұраған.
Өлең деген өлкедегі Ұлы адам!
Міне, осындай, мен білетін Тұмағам!