24.05.2022
  122


Автор: Ибрагим Иса

Өткенді аңсау

Бауырым Момбаев Исаға
Көзіме көрінбейді дос та көптен,,
Аяймын күндерімді босқа кеткен.
Көргенім көңілімде көлеңке боп,
Жүр менің жүрегімде басқа көктем.
Аңсаумен сол көктемді күтті күнім,
Шаршатқан жаңа күндер жетті бүгін.
Байқаймын, қиялымда қалып қойған,
Сыйпаймын сүйгенімнің жоқ бұрымын.
Бауырым, жүрсің қазір сен алыста,
Болмадың жүдеу жанға қорғаныш та.
Айналды арманымыз алданышқа,
Әйтеуір көштік қазір жан бағысқа.
Ақылға, уақытқа да бағынбаған,
Жастығым қалды алыста жалындаған.
Боламын біраз нәрсе тындырардай,
Жасыңды берсе, шіркін, сенің маған.
Білмеймін, неге ойладым бүгін сені,
Тарқайды қайтіп енді көңіл шері.
Жетпейді қанша тартсаң уақыт қазір,
Өтпейтін сияқтанып тұрушы еді.
Сен менің жадыраған жазымдайсың,
Іздесем жақын жерден табылмайсың.
Өзіңді, сөзіңді де сағынамын,
Сен мені дәл мендей боп сағынбайсың.
Кез емес жанға жайлы күз дегенің,
Білмеппін заман бұлай өзгерерін.
Бағына бермейді екен көңіл – күйің,
Табыла бермейді екен іздегенің.
Өткен күн мағынасыз кімге керек,
Қалады, армандарың шөмеле боп,
Сен ақыл сұрай қалсаң айтар едім:
«Інім-ау, уақытыңды бағала» – деп.





Пікір жазу