24.05.2022
115
Кісілік
Ибрагим Әбибуллаевқа
Пейілін кеңге жайған кең,
Озық қой ата салтымыз.
Атымыз бірдей болғанмен,
Бөлектеу аздап затымыз.
Ескерткіштер бар мәңгілік,
Өнеге болған қауымға.
Арнадық саған ән ғылып,
«Сырдария жағалауын» да.
Кімнен де болсын сұрап көр,
Ел жақта биік бар атың.
Екеуміздің де бір-ақ жол,
Ауылымыз жаққа баратын.
Ел ағасысың бүгін сен,
Түспедің шыққан таудан да.
Үйімдей еркін жүруші ем,
Сен басқаратын ауданда.
Өмірде мынау сен неше,
Тереңге салдың қауғаңды.
Жеңгеміз үйде билесе,
Биледің біраз ауданды.
Шырағын жақтың талайдың,
Бойыңда жалын өшпеген.
Сендей-ақ болсын азамат,
Қызметінен түссе де,
Кісілігінен түспеген.