24.05.2022
  169


Автор: Ибрагим Иса

Бабағұлов Қаһарман ағаға

Қасиетіңді көп көрдім, аға,
сырымды қалай ашпайын.
Жылтырақ сөзді жек көрдім, аға,
шындықтан әсте қашпайын.
Қажыған елді күнде көресің,
күле алмас кезде күлдік қой.
Ағаның бәрі бірдей емесін,
жүре де жүре білдік қой.
Алдағандайсың өзіңді бейне,
шиырлай берсең бір ізді.
Ауыртпай ма ішті ішсең бір кейде,
ашымай тұрған қымызды.
Ашымай тұрған қымыз сияқты,
алдына барсаң кей аға.
Аузыма тосқан уыз сияқты,
аялай білсең, аяла.
2
Өкпемді жіпсіз байлаймын, аға,
өзіңе деген хош күнім.
Өзіңді жиі ойлаймын, аға,
шаршап бір қайтсам кешқұрым.
Өзіңе деген жүрегімді асқақ,
Уақыт жылжыса білерсің.
Өзімді кейде жүремін жасқап,
Саулығымды тек тілерсің.
Қайран өмірдің қызығы қанша,
көрмесең егер рахым.
Пілте тірліктің үзігі жанса,
насыбай сынды бір атым.
Қиналған кезде амалсыз білдім,
құйынды бастан жиі өткен.
Қорғансыз жүрдім, қамалсыз жүрдім,
өзіңе құштар ниетпен.
Кеудемде жүрер сізге деп бір ән,
Қамқорлық керек шынарға.
Алматы жақта Сіз бар деп шығам,
Қызылордадан шығарда.
3
Өстік қой, аға, қоңырсық қора,
Қораздар үнін көп естіп,
Өткеннің бәрін ойлап қарасам,
Болады кейде көмескі үн.
Қасиет деген жерден тарайды
десек те,
мен соған сенер емеспін.
Бір топырақтан өскен ағайын
жетерлік,
шындығыңды да жіберетұғын бекер ғып.
Аға дегенің Аға емес сынды кей кейде,
қонақ сияқты шет елдік.
Миымды менің қинайды кейде жауабы қиын сан сұрақ,
Кей кейде тіпті қиналып жүрем жаралы жандай қансырап.
Өзіңе деген пейілім менің, жан аға,
Жүрегімде жүр тамшылап.
Сыйладың қанша,
Жүрегіңдегі жылуыңды бердің қанша сен,
Сыймайды жүрек – таразыға сап
Осының бәрін өлшесем.
Еңсеңді биік көтеріп жүр деп
Айтатын еді ағайын,
Мендегі биік еңсе – СЕН!
Бұзбайын, аға, әдемі әннің желісін,
Өзіңмен біраз кеңейер деймін өрісім.
Ақындар үшін уайымдады деп ойлаймын,
Уайымдасаңыз мен үшін.
Көңілдің кірі айтылса ғана аршылар,
Шаршайтын себеп менде де, аға, бар шығар,
Жүрек дегенің еттен жаралған десек те,
Сол еттің өзі қинай берген соң жаншылар.
Өмір – өткелде сездік қой, аға, дұшпан да барын, дос барын,
Пенделер қанша тірлікте мынау ойлайтын қара бастарын.
Арқа тірейтін жүрегі жарық ағалар аман болса егер,
Қажеті қанша басқаның.
4
Арқама менің ызғар жылдардың
Ызғар күндері көп батты,
Көріп те өстім қиуы қашқан соқпақты.
Ел ғұрлы кейде дәмін татқым да кетеді,
Тірліктің мынау тәп-тәтті.
Пенде де емеспін тойымы түпсіз ашқарақ,
Мендегі арман, мендегі мақсат басқарақ.
Көмегім барда, берерім барда, ағажан,
Жүрмесем деймін мұртымды сипап, шаш тарап,
Күрсінуменен, ойлармен атып әр таңым,
Ашылмай сырым қалар ма екен деп қорқамын.
Таусылмай тұрған кезде әзір татар талқаным,
Ағажан, кейде, өзіңе үміт артамын.
Түсінсең, аға, қиналыстан туған бұл өлең,
Өзіңе келіп, сөзіңе көніп тірелем.
Мендегі сырды, мендегі жырды ұғынсаң,
Тірегің болып, тілегің болып жүрер ем.





Пікір жазу