24.05.2022
  153


Автор: Ибрагим Иса

Әр әулетте бір сәулет болсын сіздей!

Адыранова Еркесары апамыздың тойына
Мейлі, тіпті 70-те болсаңыз да,
Жүрсіз әлі үлгі боп қанша қызға.
Келе жатсыз әулетке ақылшы боп,
Құланбайдан тараған баршамызға.
Дей алмаймыз уақытқа «тұра тұршы»,
Сіздей жандар бәріне болар сыншы.
Тоз-тоз болып ағайын кетпейді ме,
Бір әулетте болмаса бір ақылшы.
Басшы да бар, бай да бар өткен бұғып,
Ондай іздер өшеді кеткен жүріп.
Сіздей Апа керек-ақ бәрімізге,
Көкірегінде тұратын көктем күліп.
Заман болсын қашанда қандай қиын,
Жақсылар ғой өмірді жалғайтұғын.
Сіздей Апа керек-ақ ағайынға,
Әулетінің ертеңін ойлайтұғын.
Бағалайтын ел-жұртың нарқың бардай,
Ішің қандай болса егер, сыртың сондай.
Көрген сайын таң қалам, айнымайсыз,
Қаратаев Мұқаңмен бір туғандай.
Қалу үшін еркелеп, сыр ақтарып,
Өзендерге құяды бұлақ барып.
Көркіңізден Би Ана кейпін көрем,
Күлкіңізден тұрады шуақ тамып.
70 қырға Апамның көші жетті,
7 саны қашаннан қасиетті.
Бойыңыздан байқаймын аталардың,
Қыздар жайлы қалдырған өсиетті.
Сіздей жанға 70 те жарасымды,
Ардақтысыз аяулы Ана сынды.
Ойыңызға жинапсыз өнегені,
Бойыңызға жинапсыз бар асылды.
Өкінбеңіз күндерге өткен, Апа,
Көңіліңіз қашанда көктем, Апа!
Бұл заманда бақытты деп білемін,
Дәл Сіздей боп 70-ке жеткен Апа.
Алматыға, демеді ел, неге келдің,
Баласы деп айтпады жаман елдің.
Әзір жалғыз қажы Сіз әулеттегі,
Жалғыз ақын әзірге Мен екенмін.
Шыққан жырды осынау жүрегімнен,
Сізге қуат болсын деп тіледім мен.
Әлі талай асудан асыңызшы,
Сізге жетсем екен деп жүрейін, мен.





Пікір жазу