24.05.2022
  148


Автор: Ибрагим Иса

Дос інім - Ізбасарға

Ажары сияқтанған осы күннің,
Пейіліне ризамын дос-інімнің.
Жүргенде жаным аман, жиі барам,
Алдына қызметтегі есігіңнің.
Кей-кейде алды-артыма көп қарамай,
Уайымы жоқ баладай, тоқ баладай.
Шақырып тұрғандай-ақ тартып кетем,
Әйтеуір сол көк базар жаққа қарай.
Ақынмын, саған деген жүрегі өлең,
Шаршасам өзіңді ойлап түрегелем.
Кей-кейде ойлансам да, қиналсам да.
Бар ғой деп, Ізбасарым, жүре берем.
Білемін ойы таяз кей інімді,
Досыңа адал жансың мейірімді.
Өлеңмен өрнектеймін, құрметтеймін,
Сезген соң маған деген пейіліңді.
Досым-ау, шырақпысың, шуақпысың,
Әуелеп жүр ғой сенің бір ақ құсың.
Қорғансыз ақыныңның, жақыныңның,
Тілекші, қорғаушысы сияқтысың.
Өзіңмен сыйласады қаншама ақын,
Талайлар жаныңда жүр ән салатын.
Саған да бір ақын бар жаны жақын,
Менің де бір досым бар қол созатын.
Уақыттың түсіп қалмай кемесінен,
Өмірдің өттік біраз белесінен.
Арайлы ертеңіңнің еншісінде.
Аяулы ұл-қыздарың сен өсірген.
Осы бір шын сөзіме сенші менің,
Әрқашан адалдықты еншіледім.
Әлі де жақсы жандар бар екен деп,
Досым-ау, саған қарап сүйсінемін.





Пікір жазу