24.05.2022
134
Адамдар
Қалдарбек Ибрагимұлына
Жерді басып жүргенімен,
Танымаймыз бәрін бірақ
Кейде өтірік күлгенімен,
Жылағаны жағымдырақ.
Жақсылығың қайтар алдан,
Түсінісу қиын бірақ.
Кейде өтірік сыйпағаннан,
Сабағаны тиымдырақ.
Шығар жақсы көп қой алдан,
Болмасаң да туысқаны.
Кейде өтірік мақтағаннан,
Жақсы одан да ұрысқаны.
Мәңгі алдыңда тұрмас қорған,
Кетерсің бір бағаң артып.
Кейде өтірік сыйласқаннан,
Мүлде сыйласпаған артық.
Кейде сырттай топшылармын,
Керек аға, іні деген.
Бір көргенде-ақ жақсылардың,
Бағалап ем біріне мен.
Өспесек те елде бірге,
Пейілінен қанаттанам.
Кім біледі, мен де бірде,
Қызметіне жарап қалам.
Ешкім арып, аш қалмайды,
Досың болса жолда сенер.
Достық қолым қысқармайды,
Жүрек тоқтап қалмаса егер.