24.05.2022
  145


Автор: Ибрагим Иса

Қасиет

Омаров Тұрман достың 60 жылдығына
Жақсы жанға қай кезде де серікпіз,
Жақсылардан қалады тек көрікті із.
Азаматтық деген атақ болса егер,
Саған соны берер едік сеніп біз.
Ажырамай келе жатыр жолымыз,
Саған дайын қай кезде де төріміз.
Адал деген атақ болса егерде,
Сол атаққа ұсынар ек сені біз.
Бойыңда бар тән қасиет адамға,
Осал емес абыройың, бағаң да.
Әділ деген атақ шыға қалса егер,
Ойланбастан ұсынар ек оған да.
Емеспіз ғой данышпан да, көреген,
Досымызсың жаратушы жебеген.
Мейірім деген атақ бола қалса егер,
Сен оған да ылайықты болар ең.
Адам әр кез абыройлы – досы көп,
Бойыңда бар ерекше бір қасиет.
Досың кім деп сұрай қалса, қысылмай,
Біз өзіңді көрсетер ек «осы» деп.
Мағыналы із боп қалды өткенің,
Абыройды шашпадың да, төкпедің.
Ең бір үлкен бақытың мен байлығың,
Алпысыңа аман-есен жеткенің.
Асқырына шықпасаң да арманның,
Сені алысқа жеткізеді қалған күн.
Ел сүйетін, біз сүйетін Тұрманның,
Үзілмесін шаңырағында туған күн!





Пікір жазу