Аңсау
Дос-аға Жанысбаев Туғанбайға
Өзімді ауыр ойдан арашалап,
Өзіңнен алып жүрмін жаңа сабақ.
Бір досың, сырласың боп бірге жүрмін,
Батар күн, атар таңды тамашалап.
Ойдағы бітпей жатыр болатын іс,
Бітсе егер алғандайсың жаңа тыныс.
Бойыма жылу берді, сұлу жерде
Жаралған бойыңдағы жаратылыс.
Белгі боп мен көрмеген сол шақтардан,
Қайтқанда Қарсақпайдан ән сап қайтам.
Бір уыс топырағын алып келем,
Сіз туған, Анам туған Қарсақпайдан.
Анамды аңсағанда мен жүдеймін,
Аңсаған баса алмаймын шөлді кей күн.
Өзіңді көрген кезде, асыл аға,
Анамды көргендей боп елжіреймін.
Жүзуге жағдайы жоқ жағадағы
Қайықтар қаңғып кетсе не болады?
Мен Сіздей туыс таптым, дұрыс таптым,
Жүрегі жағалаудай шағалалы.
Тұрса да Алматыда қанша ақ қайың,
Күн сайын сипамаймыз аңсап бәрін.
Әлі мен түсінбеппін, қымбат екен,
Бәрінен Анам туған Қарсақпайым.
Сол жердің қасиетті бір ұлысың,
Көрмепсің өмір сүріп күнің үшін.
Қадірлі Қарсақпайдың құлынысың,
Анамның мен аңсаған шырынысың.
Демессің шындығымды осы бекер,
Бөтеннің сен сүрінсең несі кетер.
Таппассың мендей іні, Туған аға,
Сен үшін терең суды кешіп өтем.
Арнаймын аман болсам саған әнді,
Бағым да жанбай жүрген жаңа жанды.
Ағажан, сенің айдын теңізіңе,
Сағынып ұшырамын шағаламды.
Өзіммен өтіп жатыр өз ағысым,
Қалмады бұрынғыдай таза күшім.
Мен сені басқалардан биік көрем,
Халқымның қайсар жанды қазағысың.
Алыстым қиындықпен балақ түріп,
Сақтадым сол күндерді сабақ қылып.
Жаздым мен өзің жайлы бұл өлеңді,
Үйіңнің шатырына қарап тұрып.