Қыран
Әлихан Бәйменовке
Жаныңның жайып тастап атласын,
Қашан да кең дүние боп отырасың.
Жайнаған жүрегіңнен жылу табам,
Көңіліңнің парақтарын оқығасын.
Қызығы, қуанышы аз заманда,
Санаулы оқығандар сөз боғанда,
Өзіңдей тоқығаны барларды ойлап,
Отырам өз-өзімнен мәз болам да.
Бұлақтай ойларың бар ыршып аққан,
Жүрегің жаралған-ау күншуақтан.
Баратын бағытыңнан бұрылмайсың,
Қаншама дауыл тұрсын қарсы жақтан.
Сөзің жоқ жайдақ айтқан жөні келмей,
Талайлар сүйсініп жүр сені көрмей.
Халқыңның сусап жатқан көңіліне,
Көңілің нөсер сынды төгілердей.
Тарландар өтті өмірден сенен де өзге,
Сендей жан керек заман керең кезде.
Талайдың көңілінде сен тұрасың,
Әлихан Бөкейханов деген кезде.
Халқым деп, қазағым деп елжіредің,
Қаншама әлдиледің ел жүрегін.
Еліңнің жүдегенін көріп тұрып,
Күйзеліп, күңіреніп сен жүдедің.
Қаншама асқақ тұрған пайымдарың,
Билікке жетпеген соң уайымдадың.
Ертеңді елестетіп жүрсің бүгін,
Халқымның көрсем деумен тойынғанын.
Бойыңды, ойыңды да түзеп тұрып,
Жаныңа ақиқатты күзет қылып,
Талайдың жүрегіне жылу берді,
Сендегі мейірімділік, ізеттілік.
Өмірің өнеріңмен тұлғаланып,
Жүресің сезіміңді нұрға малып.
Қанатың талмай ұшып келе жатсың,
Қонатын қыраңдардай шыңға барып.
Абырой жинамайсың жоқтан, бардан,
Жоқ нәрсе көрінбейді мақтанғаннан.
Адами болмысыңмен, сияқтысың,
Теңіздің түбіндегі жатқан маржан.
Қона алмас шыңға барып қара құзғын,
Түбінде ақиқат бар әр аңыздың.
Өзіңдей аялайтын азамат жақ,
Жүрегін Төрегелді ағамыздың.
Тарихпен ұлылардың көші кетті,
Қалдырып ұрпақтарға өсиетті.
Қашанда ұлылығын танытатын,
Сен туып, өскен жерің қасиетті.
Сырларың, күйлерің көп шерітілмеген,
Сөзіңе қазақ жоқ-ау желпінбеген.
Саналы өміріңмен сүйсіндіріп,
Сен әлі шарықтайсың халқыңменен!