Алтын адам - алтын күн
Ардақты ағам Төрегелді Шармановқа
Бар әлемге шуақ шашар жалғыз Күн,
Кеудемізде бір-бір Күн бар, ал, біздің.
Сол жалғыз Күн жылытады жаныңды,
Жібітеді исіндей боп жалбыздың.
Өмір сүре алар еді Күнсіз кім,
Сол жалғыз Күн жаныңызда жүр Сіздің.
Жарқыраған Алтын Адам деп білем,
Жүрегіңіз Алтын Күн деп мен сездім.
Тыныштықты, туыстықты аңсаған,
Күніңізден шуақ алды қанша жан.
Мына жалған кетпес пе еді құлпырып,
Сіз сияқты шуақ шашса барша адам.
Сол Алтын Күн Сізден тапқан мекенін,
Дәлелдеді жылылықтың не екенін.
Шуақ шашып тұрса, шіркін, бұлттанбай,
Кеуделерде тұрған сол бір жеке Күн.
Көңілдерді кетпесе егер түн басып,
Ғажап өмір жатар еді жалғасып.
Уақыт жүдеп өтпес еді ешқашан,
Бақытты боп кетер еді бар ғашық.
Заман Сізге кейде қырын қараған
Кез де болды,
оған куә бар адам.
Ұлы көштен қалған жоқсыз сонда да,
Ешкімді де алған жоқсыз жағадан.
Салауатты өмір салтын ұстаған,
Сіз болдыңыз қазақтағы күшті Адам:
Денсаулықтың ашылмаған парағын
Сіз аштыңыз,
әлі ешкім ашпаған.
Қанша көктем,
қанша жаз бен
өтті күз,
Сыр білдірмей Сексенге де жеттіңіз.
Жиырмадағы жігіттейсіз әлі де,
Сізді көрсе жымыңдайды тәтті қыз.
Ел сыйлаған Ер деп Сізді танимыз,
Намысты да Сізге қарап жанимыз.
Сізге қарап тарылмауды үйрендік,
Кеңісек те Сізге қарап кеңиміз.
Сіздің ілім әрбір үйде ілулі,
Қанша айттыңыз қалай өмір сүруді.
Сіз арқылы тереңірек түсіндік,
Ағайын мен дос қадірін білуді.
Өмір – мұхит, қиқулаған шағала,
Кеп тұрмын деп ойламаңыз жағаға.
Мынау құйын, мынау қиын заманға,
Сіздейлер мен Сіз керексіз, жан Аға!