24.05.2022
  137


Автор: Ибрагим Иса

Тиылды ма ағылған мөлдір өлең

Молдағалиев Тұманбай ағамыздың қазасына
Жақыным да, ақыным Сіз едіңіз,
Ағалардың аяулы көзі едіңіз.
Суық хабар жеткенде Сіз жоқ деген,
Өртенді ғой, ағажан, өзегіміз.
Құтылмаймыз ажалдан төте келсе,
Қалай көңіл жұбанар бекер өлсе.
Кім қалады осынау дүниеде,
Салқын тиген адамдар кете берсе.
Өлең болды өмірлік тірегіңіз,
Талайларға оң сапар тіледіңіз.
Жылу берді талайдың жүрегіне,
Сіздің сыршыл мейрімді жүрегіңіз.
Жырыңызбен өсіп ек қанаттанып,
Атыңызға ағат сөз жолатпадық.
Енді отырмын сізбенен бірге өткізген,
Күнделігін көңілдің тағы ақтарып.
Сөйлесетін адаммен адамдарша,
Тұлғалар аз, білетін бағаңды онша.
Жүруші едім межеме жетермін деп,
Түсінетін Тұмағам аман болса.
Сіз міндіңіз жырдағы жарау атқа,
Сүйкімді боп жүрдіңіз жамағатқа.
Күтіп жатқан шығар деп Қадыр досым,
Кеттіңіз бе асығып ана жаққа.
Мәңгі қалды туыңыз желбіреген,
Үзілмейтін Сіз салған жолды көрем.
Шынымен-ақ, өзіңіз көзін ашқан,
Тиылды ма ағылған мөлдір өлең.
Өкініштің көз жасы тиылмаған,
Мәңгі жүру ешкімге бұйырмаған.
Жүздескенде жымиған жүзіңізді,
Енді қайтып көре алмау, қиын маған!





Пікір жазу