Аға тойына тілек
Ақын аға,
70 жас қалай екен?
Бәз біреулер шау тартып қалады екен.
Өзіңіз де, сөзіңіз баяғыдай,
Өзгеріс жоқ сияқты ала бөтен.
Өтіп кеткен жылдарды іздемеңіз,
Артыңыздан өкшелеп біз келеміз.
Сіздей болып жетпіске жетер болсақ,
Өзгермеспіз, кім білсін өзгерерміз.
Жетпісте жастығының отын көміп,
Тастаған қатарларың отыр келіп.
Сіз арқылы тұрады інілерге,
Жетпіс деген түк емес секілденіп.
Сіздің жеткен жетпістің жөні бөлек,
Сіз шығатын биіктер әлі де көп.
Мөп-мөлдір ән-жырыңыз, әр қазақтың
Тербетеді жүрегін жанына кеп.
Жеткен жоқсыз жетпіске жаяулатып
Басыңызда абырой деген бақыт.
Поэзия пырағы Сіз отырған,
Көш басында барады жалаулатып.
Бұл өмірдің десек те қонағымыз,
Қуанышқа тіріде тояды кім.
Жұпар жеңгем жүр бүгін ептілікпен,
Кептіріп немерелер жаялығын.
Уақытыңыз қалдырып барады үнін,
Бақытыңыз – оқырман қарақұрым.
Сіздің жетпіс ешкімге ұқсамайтын,
Балалығын сақтаған – дана бүгін!