Ақын досқа
Ақын Өтеген Оралбаевқа
Орынсыз отырғам жоқ мақтағалы,
Інімсің ажыратар ақ, қараны.
Сонау жыл Маңғыстаудан сағынышпен,
Сақтаулы сен жіберген хаттар әлі.
Артатын азаматсың досқа сенім,
Сенбесем жүрегімді ашпас едім.
Мен үшін салмақты еді сол кездері,
Орының «Лениншіл жаста» сенің.
Атақты қуған жоқсың тез келмейтін,
Қалпың бар алып-қашпа сөзге ермейтін.
Адами болмысыңа ризамын,
Заманың өзгерсе де өзгермейтін.
Жерлесім, я туысым болмасаң да,
Сағынып сырласамын анда – санда.
Сабырлы қалпыңменен, нарқыңменен,
Қадірлі шал боларсың шал болсаң да.
Ақынсың келістіріп жаза алатын,
Шамаң бар бәйгелерде оза алатын.
Бағалар жандар болса қасиетіңді,
Шығарар сендей ұлдар қазақ атын.
Қымбатсың азаматтық көркіңменен,
Күйің бар әлі талай шертілмеген.
Жақсыны көргім келсе тұрады ылғи,
Көргім кеп сенің таза кейпіңді мен.
Бұл күнде орның бөлек, ортаң бөлек,
Ақынға еркіндік пен дархан керек.
Есімде, Мұқағали ағаң бірде:
«Мен биік орындықтан қорқам» деп ед.
Ақынның болады ғой өз алаңы,
Жүрегі жыр жазғанда тазарады.
Шын ақын сарайда емес салтанатты,
Зынданда отырса да жаза алады.
Ойдағы сөзден салған шатыр қирап,
Кей ақын өзін өзі отыр қинап.
Ақындар біле бермес, кіре бермес,
Шығарсың Ақ сарайдан ақыл жинап.
Демейміз саяқ жүрсің елден неге,
Керек қой сендей адам ол жерге де.
Бір күні өз ортаңа ораларсың,
Сияқты жағалауға келген кеме.
Адал боп қалу керек шамаң болса,
Бұл сырды сақтамаймыз, амал қанша.
Бұл күнде адам сиреп бара жатыр,
Адаммен сөйлесетін адамдарша.
Өткенді өміріме сабақ қылам,
Жақсы ғой қасиетіңді жоғалтпаған.
Кей-кейде бұл дүниенің ажарына,
Мен сенің жүрегіңмен қарап тұрам.