Бақыт жайлы бір сыр
Жүре алмадым ешкімге бетеге боп,
Сенің жаның, шуағың өте керек.
Біліп тұрып, амалсыз ренжисің,
Қол бала боп біреуге кете ме деп.
Қырсық деген адамға текке келмес,
Достарымды білемін өкпелемес.
Қол бала боп кетпеймін ешкімге де,
Ақылым бар,
Өткен күн – өткен елес.
Көк тиыны болмасын қалтасында.
Жүрдім талай достардың арқасында.
Шарап ішіп қалқыған кезім де өтті,
Ағалардың шалқыған ортасында.
Үміт деген – өзің ғой көз ілмеген,
Уақыт деген таусылмас төзім дер ем.
Бақытымыз көтеріп жүр ғой бізді
Қимайтын бір қуаныш сезімменен.
Жүрсің ылғи биік қып аласаны.
Күрсінбеші, тірі ғой қара шалың,
Жүрегіңді пәк қылып жаратқан соң,
Саған ғана сол пәктік жарасады.
Кеуде қысқан кезімде күлімдеген,
Кездеріме себепсің сүрінбеген.
Сенбесең де сендікпін дегеніме,
Қисаймайтын тірліктің түрін көрем.
Алған жоқпыз өмірдің бұзып әнін,
Өз кеудемде жүр әлі өз ұраным.
Біреулердің бейшара жарын көрсем.
Сені жаңа көргендей қызығамын.
Жалынамын кей-кейде алдыңа кеп,
Ондай кезде айтамын әнді бөлек.
Ұйықтамайсың білемін, бүлініп бір,
Бір қуыста сүрініп қалды ма деп.
Жаратқан соң қайтейін сүйікті ғып,
Кемшілікті жүресің біліп, бүгіп.
Қабылдайсың риза жүрегіңмен,
Достарымды қашанда күліп тұрып.
Ақынмын ғой жарымнан жолым болған,
Алып шықтың сан рет қалың қардан.
Жалынғым да келмейді кейде саған,
Не түседі, себепсіз, жалынғаннан.
Армандар көп бітпеген ойда қандай,
Ажарың бар әлі да толған айдай.
Ренжісем шаршап бір келген кезде,
Жадырайсың ештеңе болмағандай.
Жалған сөзден жамандық құрамайсың,
Құшағымда жүзген бір құралайсың.
Менен гөрі ақ көңіл бола тұрып.
Ақ көңілсің деп мені кінәлайсың.
Ақындар көп мықтырақ өлеңдері,
Жұлдызыңдай әр ақын төбеңдегі.
Бір досыма ренжіп келсем кейде,
Сол досымды мақтайсың менен гөрі.
Сен білмейтін еркелік неге керек,
Ақын деген не деген керемет ек!
Тысырлаған дыбыстан көз ілмейсің,
Босағадан ентігіп келе ме деп.
Кетсе дағы кей-кейде жанып ішің,
Жалынышым, өзіңсің сағынышым.
Жаратқанға қашанда тәубе етемін,
Бұл дүниеде өзіңнің барың үшін,
Жыр арнаған емеспін жиі саған,
Мен өзіңнен қашанда өріс алам.
Жаңақорған сен жайлы сұрай қалса,
«Бақыттымыз, деп, кетем,
Әніш аман!»
Құсымыз көп әлі де ұшырмаған,
Қызымыз көп гүлдері ашылмаған.
Саған ғана айтамын рахмет,
Шын бақытты бергенің үшін маған.