24.05.2022
  118


Автор: Ибрагим Иса

Өмір мен көңіл

Бәлдір – батпаққа айналып ойларым кейде,
Бәдік сапырып, «қой» десе, қоймадым демде.
Шаршап келсем де қысыр сөз қоршап тұрады,
Қаңғыбас сорлы қаңғуға тоймадың дей ме.
Сұрақтар қоршап күн сайын жүдеу пішінде,
Бетіме қарап азайды күлер кісім де.
Бала кезімде байқамай жұтқан тиындай.
Жұқарған ойлар бір шықпай өлер ішімде.
Жарық дүниені қызық қой десек те кейде,
Тірлігім ұқсас мәні жоқ өсекке кейде.
Аунақшуменен атады тағы бір таңым,
Ұнталған шыны сепкендей төсекке бейне.
Құлазып қалған көңілге сән іздегенде,
Үмітімді өңсіз өмірден әлі үзбегенде,
Келер күндердің есепсіз еншісімен-ақ,
Белшемнен батып қаламын қарызға күнде.
Құралай сезім тұрады құлпырып кейде,
Жүрегім шығып кетердей бұлқынып бейне.
Мақсатым ғана мұңайып қайтып оралар,
Бұзық баладай келетін жыртылып жейде.
Ұзақ боп мүлде кеткендей әр күн ғасырдан,
Құтылсам деймін тірліктен қарнымды ашырған.
Басқа соқпақпен кетер ем басқа бағытқа,
Бастасам қайта өмірдің бәрін басынан.
Қатыгез күннің келетін түрін біліп ем,
Шырпы сындырып, жақсыға ырым қылып ем.
Өзіме кейде орнығып, оңалған сынды,
Салыстырғанда бұл күнім бұрынғы күннен.
Дәмін татамын дәм көрсем шырын ба екен деп,
Үміттенемін ертеңге үнім жетер деп.
Жұмбақ ойларым шешілмей сүрлене берер,
Өзімді өзім түсінбей, тілім бөтен боп.
Тасыма көңіл, себепсіз тасыма дедім,
Дауысым болса жақсы әнге қосылар едім.
Сақау кісінің сөйлеген сөзі сықылды,
Құмартып жүрген өмірім осы ма менің!





Пікір жазу