24.05.2022
  124


Автор: Ибрагим Иса

Ағайын

Сен маған сенбейсің бе, сенесің бе?
Шақырсам келмейсің бе, келесің бе?
Өшпейтін әнім қалсын, жырым қалсын,
Дүние-ай, «Қарауылдың» төбесінде.
Жол алыс, халық бөтен көрмегенге,
бауырым езіледі Ел дегенде.
Сусыным ешқашан да қанар емес,
Дүние-ай, «Тасқұдықсыз» шөлдегенде.
Қиялым қырға да ұшты, ойға да ұшты,
бітірем өзім бастап қойған істі...
Тірлігім, шынымды айтсам, туған жер мен,
Дүние-ай, ағайынға байланысты.
Сүйемін туған жердің әр тасын да,
осында алғаш сүйген қалқашым да.
Келемін бүгілмей де, сүрінбей де,
Дүние-ай, ағайынның арқасында.
Бәрі дос, бәрі бауыр маңайымның,
іші кең мынау көңіл – сарайымның.
Жоқ екен ешқандай да айырмасы,
Дүние-ай, туған Жер мен Ағайынның?





Пікір жазу