24.05.2022
132
Тағдыр талай сүріндірді, құлатты....
Тағдыр талай сүріндірді, құлатты,
Орным жоқтай тиянақты, тұрақты.
Небір қиын сұрақтарды шешсем де,
Шеше алмаймын кейде оп-оңай сұрақты.
Бір суық жел соғады ылғи іргеден,
Жол іздеймін кейде ешкім жүрмеген.
Көңілім кейде асып-тасып жүрсе де,
Жүрем кейде шыққан жандай түрмеден.
Бір батпан жүк түспейді ылғи желкеден,
Сайланып-ақ шығам кейде ертемен.
Өз ісіме өзім кейде шаттанып,
Өз ісімнен өзім кейде жиіркенем.
Жан-жағымнан тұрғандайын тас борап,
Көңілімді күдік жейді ашқарақ.
Ауыр-ауыр түстер көрем түнімен,
Жауыр болған ойларымды жастап ап.
Үміт ұшып кетпеген соң кеудеден,
Бақытымды көрсем деймін көрмеген.
Уақытымды азық қылам амалсыз,
Таң атса екен,
Күн шықса екен деуменен.