24.05.2022
  128


Автор: Ибрагим Иса

Таныстар

І
Бір таныстан
жүрген жұртты босқа алдап,
хал сұрап ем,
қайқаң етті басбармақ.
Бір танысқа әзіл айттым,
Күлмеді,
– Бірдеңке тап,
– Бас ауырып тұр, – деді
Бір танысым..,
(оның несін жыр етем)
кетті асығыс,
таныс іздеп жүр екен.
Бір танысым,
өзі пысық,
өзі епті,
қайдағы бір «қамалдарды» сөз етті:
– Кей қамалға кіретұғын көп есік,
кей қамалға кіретұғын жоқ есік.
Кей қамалдар құрып кетіп жатады,
бір-бірімен күні-түні күресіп.
Бәз біреулер тек сыртынан қайран қап,
ал, біреулер жүр ішінде сайраңдап.
Тастан соққан көп қой жүрек – қамалдар,
шабуылдап кіре алмайсың,
не амал бар!?
Осы, – деді, – айтар шыным,
сырым да,
кей қамалдар
(қамал болған бұрында)
қамал емес, қазір жәй бір төбешік,
төбешікке жатыр енді шөп өсіп, –
деп осылай күрсінді әлгі танысым,
ойлап көрсем,
сөздерінің бәрі шын.
Түрлі-түрлі мақсаттардан құралған,
әр таныстың өз есебі –
бір арман,
әр таныстың өз есебі –
бір мықты ой...
кеше менің сол танысым:
– Білдік қой!
– Қамалдарға кіретін бір баспалдақ
болса, – деді,
жыным келді,
кетерде:
– Сөйлегенді қойсай, – дедім, – астарлап.
... Қиял – суға бір тұншығып,
бір шығып,
«Таныстар-ай!» дедім іштей күрсініп.
ІІ
Қиын емес таям десе құт бірден,
кейде байға,
кейде ұқсаймыз жарлыға.
Таныстардан қарыз сұрап шықтым мен,
құрғыр ақша қажет болып қалды да.
Бір танысым...
мен айтқаннан жиналды,
«баратын ек, деп, әкеме –
бейітке».
Қызметкер бір танысым қиналды:
«ақшам қалып қойғаны-ай, деп сейфте!»
Саудадан сәл жеп тұратын бір таныс,
шылдырлатты нан алатын тиынын.
Қаладан сәл шет тұратын бір таныс,
мұңайды, айтып сатып алған сиырын.
Халы жақсы,
атағы бар ел білген –
бір танысым ыңыранды...
Сөз бітті.
Бір танысым шынын айтты,
сендім мен,
оныменен әңгімем де тез бітті.
Бір танысым –
көрсетті алған кілемін,
бір танысым –
жүзік таққан саусағын,
бір танысым –
сағаты бар білегін,
бір танысым...
қой, не керек,
шаршадым!
Қажып қайтқан жолаушыдай жолдан мен,
келдім үйге,
қажетімді ала алмай.
Ниеттері ағыл-тегіл болғанмен,
жүректері болған екен «сараң бай».
Бұл бір қызық жағдай болды күтпеген,
жомарттық та түрлі жолмен өлшенер.
Қысылғанда қарыз сұрап шық дер ем,
танысыңды бір сынағың келсе егер.





Пікір жазу