24.05.2022
  171


Автор: Ибрагим Иса

Қымбатшылық

Қажеті қанша жарық дүниеге реніш пенен өкпенің,
Тұқым боп түсіп,
шыбық боп өсіп,
әйтеуір әрең көктедім.
Адамдығымды өлшейді қазір ақшамен біраз ағайын,
Қарыз да болмай,
қарыз да бермей өмірге кеп ем теп-тегін.
Бір ақын жазған «айналып кетсем екен әппақ қайыңға»,
Бармаймын әсте мен мұндай арман,
мен мұндай қиял-уайымға.
Айналып кеткім келеді кейде жапыраққа емес, ақшаға,
ойлаған кезде осынау құнсыз баянсыз тірлік жайында.
Сатамыз бәрін,
бағаны мүлдем қоятын болдық қатырып.
Ақша үшін ар мен ұяттан безіп,
сотталамыз да, атылып.
Теп-тегін келген өмірімізді өткізу үшін өзгеге,
Жатамыз жиі саудаға түсіп,
жүреміз жиі сатылып.
Қуанышым мен ренішім көп әлі де алда көрмеген,
Бір тиын бермей тіршілік жасап келе жатырмын жерге мен.
Теп-тегін келдім жарық дүниеге,
әкем мен анам әйтеуір,
Жаратушыға жалынып бір сом бермеген.
Мысық пен мысық,
күшік пен күшік
сатпайды әсте бір-бірін.
Болмайды әсте оларда сауда,
оларда қарыз құрғырың.
Қызықтан гөрі бұзықтау болып тұрады кейде сезіліп,
ақша боп кеткен тірлігім.
Тұңғиық дүние,
сен болсаң соған белгісіз түскен бір нүкте,
Белгісіз тірлік өте шығады,
жыладық па, әлде күлдік пе.
Әлі де қымбат,
бәрі де қымбат,
тек қана адам баласы
теп-тегін келіп,
теп-тегін өліп,
теп-тегін жүрген тірлікте.
Ақша мен сауда ойландырады,
айналдырады әркімді,
Саудаға түсіп таулар да шөгіп,
теңіздер үнсіз тартылды.
Бағасы қымбат ғасырда мынау, ойлап қарасаң азап қой
Біле алмай өту өзіңнің нағыз нарқыңды.





Пікір жазу