Мақсат
Намысымен келді-дағы бетпе-бет,
Жүрді-дағы өз-өзіне өкпелеп..,
шешіміне арқа сүйеп кеш кірген,
ақылдаспай ешкіммен,
бір жас актер тастап кетті театрды.
Болар, мүмкін, бұл да өзінше батырлық,
ол да өзінше шығар, мүмкін, ақылды,
бірақ..,
бірақ..,
салмақтаған жоқ ешкім
жас актердің бұл шешімін ақырғы.
«Тастап кетті!»
«Тастап кетті!»
десек құр,
бір ауыз сөз,
бір-ақ ауыз өсек бұл.
Себебі не?
Себебі не?
Себебі! –
Осы сұрақ бәрімізге керегі.
Жандармыз ғой қысыр сөзге көңілшек,
«Тағдыр» дейміз,
ойлануға ерінсек.
Сәл салқындай қалса доспен арамыз,
сәл мазалап ұйықтатпаса баламыз,
керек затты таба алмасақ сәл іздеп,
«Тағдыр-ай!» деп қаламыз.
Арасында жас актер мен тағдырдың
қандай ғана байланыс бар, қараңыз.
Жоқ әрине!
Айта аламыз жасқанбай.
Ешқандай да байланыс жоқ.
Ешқандай!
Жас актердің жүйрік еді мақсаты,
сол мақсаты бірер жылда-ақ ақсады.
Оқуын да тым әдемі бітірді,
Қабілет пе?..
Ол жағы да шүкірлік.
Әдемі бір нүкте қояр арманын,
бір-ақ сәтте жіберді ол үтір ғып.
Ол ойнауға тиісті еді басты роль,
режиссер берді оған басқа роль.
Өзі ұнатқан ролі әсте тимеді,
ал, ұсынған рольді ол сүймеді.
Сөйтіп жүріп жас актердің мақсаты
бірер жылда-ақ күйреді.
Болсам деген өнердің бір тарланы,
жас актердің асқақ еді арманы.
Ойнай алмай өзі ойнайтын ролін,
сахнада ол өзін-өзі алдады.
Басынан бақ біржолата көшкендей,
театрлардың көптігін де ескермей,
құлағына ілмей достың ақылын,
бір күндері жиналады да ақырын,
бар мақсатты сәтсіздікке жеңдіріп,
сахнаны тастап кетті «батырың».
...Солай болды.
Кетті сіңіп бір бұлақ.
Бір арман – құс түсті көктен құлдырап,
бір актердің таланты
амалсыз
бір театрдың бұрышында тұр жылап.
Содан бері өтті талай күз бен қыс,
ол актерден біз де күдер үзгенбіз.
Өзгеріс жоқ,
тұрды ай туып,
күн шығып,
ол кетті деп қисаймады бір шыбық.
Ол кеткенмен шөл басқан жоқ даланы,
ешкім тастап қашқан да жоқ қаланы,
өзендердің өзгерген жоқ бағыты,
құстардың да шырқағаны – сол әні.
Тағы, міне,
күн жылынды –
көктем кеп.
Жердің беті болды тағы көкпеңбек,
Сахнадан актер кетті,
бірақ та,
ешкімнің де ештеңесі кеткен жоқ.