24.05.2022
  139


Автор: Ибрагим Иса

Түн. Жалғыздық

Отырасың сен бірде,
Аласарып, жаншылып.
Бөлмең түгіл,
Кең дүние
Етегіндей таршылық.
Секем алып қаласың,
Бұл не дыбыс?
Білмедім.
Жайлап барып саласың
Есігіңнің ілгегін.
Тысырлай ма бірдеңе,
Торып жүрген дұшпан ба?
Әлде жәй бір іргеде
Жорғалаған тышқан ба?
Сықырлай ма бірдеңе,
Кештеу келген қонақ па?
Дейсің іштей;
Үндеме,
Ашпа есікті,
Жолатпа.
Мазалайды қаққандай
Терезеңді жел ұрып,
Бір сұмырай жатқандай
Әйнектерін кеміріп.
Үрейлілеу, тыныш та,
Бір бөлмеңнен бір бөлмең.
Бір пәлекет бұрышта
Деп тұрғандай «жүр бермен!»
Бұл не,
Әлде үрей ме?
Өзіңе жат өз үнің.
Бір сұмдықты тілей ме,
Құрып кеткір төзімің.
.., Қалғанша пеш оты өшіп,
Отырасың тістеніп.
Бір кезде ұйықтап кетесің,
Шым-шытырық түс көріп.





Пікір жазу