24.05.2022
  123


Автор: Ибрагим Иса

Есіңде ме, (Тұрмас бәлкім ойыңда.)

Есіңде ме,
(Тұрмас бәлкім ойыңда.)
Сонау жылғы, сол бір жаздың айында
Уәделесіп
тобық бергем өзіңе,
Бір досымның жаңа үйлену тойында.
Дегенімде:
– «Жоғалта сал ерінсең»,
«Қашан сұра, тауып берем» дедің сен.
Содан кейін кездеспедік көп күндер,
Жасырынып жүрдің бе әлде көрінсем?
Күндер жылжып,айлар түсті араға,
Біздің жаққа күз де келді сарыала.
Сені көріп,тобығымды сұрауға
Жиі-жиі шығатынмын далаға.
Достарыммен келе жатып бірде мен
Көріп сені,
«Тобығымды бер» деп ем,
Естісең де естімеген жандай боп
Өте бердің,
Сияқтанып көрмеген.
«Тобығымды алғансың-ау түсіріп»
Дегенімде,
айыбыңды түсініп.
Саусағыңмен көйлегіңнің сыртынан
Өз кеудеңді сипай бердің қысылып.
Тыққаныңды білдім сонда төсіңе,
(Құрғыр қайдан түсіп еді есіме!)
Тап сол жолы қалай ғана кезіктің,
Тап сол жерде сұрай қойдым несіне





Пікір жазу