Есіңде ме... (Ұмытсаң кешіре гөр.)
Есіңде ме...
(Ұмытсаң кешіре гөр.)
Біз жүргенде махаббат көшіменен,
Көрші ағайың келді бір
Қаладағы
Бірге оқитын өзінің досыменен.
Болсаң-дағы уәдеге тым-ақ берік,
Шықпай қойдың көршіңнен ұят көріп.
Үйленбеген
Есейген олар үшін,
Шынында біз әлі жас сияқты едік.
Тұрғанменен бойында бір көшенің
Кездеспедік біз содан бірнеше күн.
Тек әйтеуір алыстан терезеңді
Торуылдап жүруші ем күнде сенің.
Келер күнді жүргенде тосып тағы,
Аз да болса арамыз қашықтады.
Кездесуге мен саған асыққанмен,
Ол ағаңдар қайтуға асықпады.
Амалымның содан соң құрып бәрі
Бой сергітіп,
Өзімше тыныққалы,
Барғанымда киноға,
Соларменен
Сені көрдім отырған клубтағы.
Көрдің мені
Бірақ та сездірмедің,
Болған шығар әлде бір өз білгенің.
Ортасында сен барсың екеуінің
Олар мені, байқаймын, көзге ілмеді.
Қонақ жігіт икемдеп кейде сені,
Ұзақ-ұзақ әйтеуір сөйлеседі.
Ал мен үшін
Отырған арт жағында,
Жүрек шаншып,
Көз тұнып,
Жер көшеді.
Өтпеген соң бұл жағдай бұрын бастан,
Аз отырдым қалпымда түрім қашқан.
Атып шығып клубтан,
Ызаланып,
Үйге тарттым содан соң бұрылмастан.
Саған деген сарқылып төзім – көлім,
Өз-өзімнен үйге кеп езілгенмін.
Қызғаныш па,
Білмедім күйініш пе,
Таң атқанша сол түні көз ілмедім.