24.05.2022
  200


Автор: Ибрагим Иса

Кентау

Әшірбек Сығаевқа
Бақыт қайда – халық сонда,
Сол халық қой – қанағаты.
Тарықса да, зорықса да,
Шықпай қойды жаман аты.
Қарағанмын таңдай қаға,
Ақын ба екен ой кезбеген.
Жоқ шығар деп мұндай қала,
Ойлағанмын бір кезде мен.
Қазан түбі ойылды да,
Уақыт келді тез ағылған.
Сымбатынан айырды да,
Қымбатарын қаза қылған.
Жасыл желек көйлегімен,
Бір кездегі арман еді.
Талай көше үйлерімен,
Қаңырап бос қалған еді.
Сырқаттанып тұрған жандай,
Жаңа заман емі қонып,
Қайта оралған армандардай,
Жатыр қайта еміреніп.
Оятпадық қорықпай кеп,
Оянбады неге батыр?
Ұйықтап тұрған алыптай боп,
Көтеріліп келе жатыр.
Мен сенемін, қашып кеткен,
Елдің, жердің бағы жанар.
Бір кездері ұшып кеткен,
Сол бір бақыт тағы қонар.
Сейдолладай асыл досым
Туған қала осы ғой деп,
Қайтқан едім, есімде шын,
Небір жақсы басыма ой кеп.
Бар әлемге аты мәлім,
Асанәлі асыл адам.
Сахнаның алтын тәжін
Кигізген ғой ғасыр оған.
Алыптардың жалғасы ғой,
Тар келмейді басымызға.
Осы жердің тумасы ғой,
Әшірбектей досымыз да.
Ойлаймыз сан келерміз деп,
Басшы болса бір жақсы адам.
Қонса екен деп тілейміз тек,
Қонған бақыт алғаш саған.





Пікір жазу