24.05.2022
  184


Автор: Ибрагим Иса

Махаббат ауылы

Жылытатын құшағында баршаны,
Жоғалмаған жылуы.
Осы жерде жігіттердің жайсаңы,
Бойжеткеннің сұлуы.
Жастары бар үлкендерін қоштаған,
Бұл ауылда барлығы да бауыр кіл
Ағайынның ынтымағы қашпаған,
Берекесі бұзылмаған ауыл бұл.
Болашағын талпындырған ертеңге
Жер ошағын түрлендірген ертерек.
Қонақ болсаң, жайғаса бер сен төрге,
Осында кел, жатқың келсе еркелеп.
Басқа түскен сол бір қилы заманда,
Ата-анама қоныс болған мекен бұл.
Сондықтан да бұл жер ыстық маған да,
Осы жерде әруақ болып әкем жүр.
Сағынышым сияқтанып аңсаған,
Шаңырағы тұр апам менен ағамның.
Қиын кезде сүрлеуінде шаршаған,
Жүрген ізі жатыр мұнда анамның.
Шежірелі қарттар орнын жоқтаған,
Ағалар бар жолын жалғар саналы,
Бір әулеттің шежіресін сақтаған
Батырхандай ағаларым бар әлі.
Тартып тұрар алыс, сыртта өс мейлі,
Бір-бір терек бұл ауылдың әр ұлы.
Тамырлары тараған ел көшпейді,
Бұл ауылдың өшпейді есте жарығы.





Пікір жазу