Сағыз
Мың сан жылда
қалды жерде мың сан із,
Мойныңызды бір сәт кейін бұрсаңыз,
Бір созылып,
бір қысқарып жүр әлі,
Жұрт шайнаған тарих деген құм сағыз.
Бір ауыздан бір ауызға сол сағыз
Ауысқалы шайнап жүрміз баршамыз.
Адам емес,
надан дейді ел сені,
Сол сағызды шайнай алмай қалсаңыз.
Ескіліктен бізге жеткен аңыз көп,
Созылады үзілмейтін сағыз боп.
Тарихшылар таба алмай жүр
алғашқы
Сол сағыздың шыққан жерін әлі іздеп.
Тіршілікті жатқан мәңгі оянбай,
Жүрміз әлі сілкілеуді қоя алмай.
Жаратқанның қолтығына қол салып,
Бұл адамзат не боп кеткен,
ой, Алла-ай!
Ми түгілі, қиял жетпес жаққа бір
Ұмтыламыз,
ұстатпайды жоқ тамыр.
Бізге жеткен аңызда да жоқ тамыр,
Біз шайнаған сағызда да жоқ тамыр.
Бола ма екен тамыры жоқ тіршілік,
Талай іздеп қазған жерден су шығып,
Сағыз қазған жерден қою шаң шығып,
Өлетұғын болдық қазір тұншұғып.
Шайнайтұғын сағыздың да түрі көп,
Бірі кетсе,
шайнап жатыр бірі кеп.
Сөйлетуге неге сонша құмармыз,
Өліп қалған тіршілікті тілі жоқ.
Сағыз шайнап,
миы қатты талайдың,
Өткен өмір – шетсіз, шексіз көк айдын.
Сылтау бізге – Шыңғысқанның көрі де,
Мақсатымыз – өзін ұстау Құдайдың!
Уақыт – пойыз өтіп жатыр дүрсілдеп,
Сағызыңды жинап жатсың сен сүрлеп.
Құдай бізге күліп тұрған сияқты,
Есуастар сағыз шайнай тұрсын деп.