Нұржігіттің достары
Досың бар ма десе біреу,
Біз сияқты ақынға.
Доссыз бағам өседі деу,
Сыймайды ешбір ақылға.
Сақтау керек жүрегіңде,
Достық жайлы мысалды.
Естімеппіз бұл өмірде,
Досы жоқтан осалды.
Қиналғанда қағып алып,
Бере алмаса қол ұшын.
Онда сенің жаның арып,
Тарылады өрісің.
Көтеретін көңіліңді,
Достық – көңіл қорғаны.
Достық деген сол ұғымды,
Кірлетпесек болғаны.
Кім бар десе енді мықты,
Кім бар десе досы көп.
Көрсетер ем Нұржігітті,
Оған мысал – осы деп.
Кетеді екен ой қалыңдап,
Ойға алғанда тектіні.
Досы көптік – бойда қымбат,
Қасиеттің көптігі.
Жүректер бар жалын ұшқан,
Бір-бірінен от алған.
Жүрген сені биік ұстап,
Дос көңілі – қаһарман.
Дос намысын дос қорғайды,
Мынау өмір – майданда.
Абыройың аспандайды,
Дос көңілін жайғанда.
Доссыз ішкен ас батпаған,
Жаныңа зіл батады.
Қыран көңіл асқақтаған,
Ұшып бара жатады.
Қыран – көңіл биік таудың,
Басына ұя салғанда.
Қажеті не ұйықтаудың,
Жетелейді арманға.
Сол арманның – дос құшағы,
Өзгермейтін ол сенің.
Сағынғанда бас қосады,
Бүтінделіп бөлшегің.
Дос қадірін білемін мен,
Жоғалмайды ол жалғанда.
Нұржігіттер жүрегінен,
Нұрын шашып тұрғанда.