Несібелімен сырласу
Несібелі,
Уақыт жайлап өткенді өшіреді,
Келешекке керегін көшіреді...
Халық едік қашаннан соры қалың,
Тағдыр неге біздерге өшігеді.
Заман емес бұл заман атың қалар,
Жоғалуда қасиет халқымда бар.
Шоқ қалмайды – бұл күннен күл қалады.
Күлмен бірге бықсыған отың қалар.
Күрсінгенмен халықтың жоқ амалы,
Тарихы жоқ болашақ не болады.
Тіл менен тарих – еліңнің ертеңі ғой,
Ол жоғалса халқың да жоғалады.
Түсе алмаймыз неге біз керек ізге,
Өшігеді сұм уақыт неге бізге?!
Табалдырық жағалап кетті қазір,
Жүрген жандар көтеріп төбемізге.
Дей ме бізге жүре бер, бәлсінбе де,
Дей ме бізге күле бер, күрсінбе де.
Дейтін шығар ағайын «шаршап жүрсең»,
Қалам ұстап, шырағым, жүрсің неге.
Күрсінгенде көңілім баз кешеді,
Шақырамын амалсыз сөзге сені.
Басқаша еді кешегі кішілер де,
Үлкендер де кешегі өзгеше еді.
Бір тәттіні жесек те екі бөліп,
Осы күнге аман-сау жетіп едік.
Орыстанған заманда өсіп-өніп,
Орыстанған заманда оқып едік.
Дастарханы қашанда тойға дайын,
Әншейінде намысшыл қайда ағайын?
Қателескен шығармын,
Ақыл айтсай,
Ақылың бар жансың ғой, айналайын!
Несібелі,
Баяны жоқ аңсаймыз осы нені,
Бақыт неге біз күткен кешігеді.
Түсінбеймін, қайда алып бара жатыр,
Мынау жұмбақ заманның көші мені.
Несібелі,
Артық айтсам болашақ кешіреді,
Ертеңгі күн – бүгінді өшіреді.
Рухы жоқ халықтың – ертеңі жоқ,
Қызықтырады ертеңнің несі мені?...