24.05.2022
  117


Автор: Ибрагим Иса

Өлеңіме

Өлең, сенің қасиетіңді,
Жүрегімнен өткіземін.
Ұрпаққа айтар өсиетімді,
Сен арқылы жеткіземін.
Сүйікті ғып ұлы еліме,
Сен арқылы биіктегем.
Сен арқылы жүрегіме,
Жақсылықты құйып келем.
Көрінбейтін қуаныштың,
Сәулесімен құштың кейде.
Қанатымен аққу құстың
Самғап алыс ұштым кейде.
Сенің ыстық жылуыңмен,
Сүйіктімді жылытқанмын.
Әлдиледім жүрегіммен,
Әлдилеуден жалықпадым.
Жүрдім сені арман ғылып,
Мәңгі өшпес арман – әнсің.
Ертеңім боп толғандырып,
Ұйқымды да ұрлағансың.
Кейде мені қинадың-ау,
Жақындатпай қашық тұрып.
Кейде бақыт сыйладың-ау,
Ертеңіме асықтырып.
Қасиетіңді білемін мен,
Асқақтатам шамам келсе.
Сенің отың жүрегімнен,
Өшпес деймін өле-өлгенше.





Пікір жазу