Шегініс
Түріміз де, тіліміз де бүлінген,
Үлгі етіп көрсетеміз нені біз?
Тәуелсіздік... кірмей жатып сүрінген,
Есік жаққа ауысыпты төріміз.
Құлақ сарсаң, «Алға» деген ұраннан,
«Алға» деген «Жарға» деген сияқты.
Қазына бар жалған сөзден құралған,
Өтірікке орап қойдық ұятты.
Барымызды тойымсыздар еншілеп,
Даңғаза мен дақпырт жиған еліміз.
Сеніміміз бара жатыр әлсіреп,
Соған қарап жасау керек шегініс.
Соқыр болып қалмас үшін көзіміз,
Пақыр болып қалмас үшін еліміз,
Келу үшін өзімізге-өзіміз,
Бізге біраз жасау керек шегініс.
Қазір біздер, бүтін емес, жартымыз,
Қайда бара жатырмыз біз асығып?
Шұрық тесік санамыз бен салтымыз,
Жиғанымыз қалып жатыр шашылып.
Ақылсызбен алға баспас ісің де,
Қысыр сөзбен қоржынымыз толмайды.
Жоғалтқанды жиып алу үшін де,
Бізге біраз шегінбесек болмайды.