Атамакен
Елмен бірге тірегің, тілегің де,
Ойламасаң еліңді керегің не.
Ағайыннан алыста жүрген жанның,
Бір сағыныш тұрады жүрегінде.
Өткен күнің – сияқты көшкен сағым,
Туыс тапсаң, жанғандай өшкен шамың.
Орындалды десек те арманымыз,
Сол сағыныш ұлғаяр өскен сайын.
Ағайынның болғаны неткен тәуір,
Қандай қымбат сағынып жеткен бауыр.
Жүрегіңе нәр беріп тұрғандай-ау,
Жеті атаға жайылып кеткен тамыр.
Өскен ортаң жайлы боп сезінгенмен,
Жүргендейсің бөлектеп өзіңді елден!
Шуақ шашып тұрғандай болады әр кез,
Ағайындар әкеңнің көзін көрген.
Ата мекен, аңсайсың айна көлді,
Қайдан ғана айна көл ойға келді.
Қандай сойқан жіберген шашыратып,
Айман, Шолпан қимаған қайран елді.
Сенбесең де, сенсең де бұған мейлің,
Өткеніңді еске сап тұрар кей күн.
Құшақ жайған бір кезде ел-жұртыңа,
Сол көл, қайран, Телікөл шығар деймін.
Бір қиырда жүрсек те, орта бөтен,
Өсиетін Атаның қалқан етем.
Бастарынан азап күн өткен талай,
Ата мекен – қазақтың Отаны екен.