24.05.2022
  136


Автор: Ибрагим Иса

Бақыт жайлы сыр

Бұл дүниеде ештеңе жоқ теп-тегін,
Кейде айналып оралады өткенің.
Досқа айналып шыға келер дұшпаның,
Қысқа айналып шыға келер көктемің.
Ұстай алсаң үзілмейтін желісі,
Бақыт деген – ол да ойдың жемісі.
Пейішің де айналады дозаққа,
Тарылғанда уақытыңның өрісі.
Бақыт жайлы ой келмей тұр жамбасқа,
Бақыт жайлы түсінік те әр басқа.
Бақыт деген – билік қой деп адаспа,
Бақыт деген – байлық қой деп алжаспа.
Бақыт дейміз,
Бақыт жайлы елге сен,
Не айта аласың, бақытты боп көрмесең.
Бір-ақ тістем нан да бақыт-аштықта,
Бір-ақ жұтым су да бақыт-шөлдесең.
Бақытты боп кете алмайсың бір демде,
Бақытсыздық тұрады ылғи іргеңде.
Бақыттымын дейсің қалай өзіңді,
Жан-жағыңда бақытсыздар жүргенде.
Алтын балық ілінбейді қармаққа,
Бақыт жайлы ой жетелейді жан-жаққа.
Бақыттымын дейсің қалай өзіңді,
Бақытыңды бөлісетін жан жоқта.
Бақыт жайлы ойлай бермей уайым ғып,
Алдыменен болу керек ойың нық.
Шын бақытты болу үшін, алдымен,
Сол бақытқа жасау керек дайындық.
Біреу жөнсіз, біреу мұның жөн десін.
Біреу сеніп, біреу мүмкін сенбесін.
Бақытты боп кету қиын, алайда,
Сол бақытқа дайындықсыз келгесін.





Пікір жазу