24.05.2022
  135


Автор: Бақыт Беделханұлы

Мәңгілік сапарында

Ұйыстық, ұйпаландық,
Жіберді бұрқаған бұлт;
Қыздарын – шеге-тұяқ,
Ұлдарын – құл-табан ғып.
Ал, содан соң,
Жеті түннің аспанынан,
Жеті қат жер тастарынан,
Жеткен бізге жеті иесіз
Жер үстінде бастады ылаң;
Екі көздің түймесін бырт-бырт үзіп,
Мөп-мөлдір суы кетіп, сұғы қалды.
Алқымымның түймесін бырт-бырт үзіп,
Құлқынымның құл қылып құнын алды.
Кіндігімнің түймесін бырт-бырт үзіп,
Сықпытымның уызын сығып алды.
Қос қанатым – бар еді, дін мен ділім
Жарқанат жарғағындай түрі қалды.
Ар-намысым бар еді Алдаспандай
Қолымда қой үркітер қыны қалды.
Өр рухым да бар еді бөрі тектес
Е, оның да Айдан басқа кімі қалды?..
Сұмдығы – сөз-патшасы тақтан тайып,
Тілдің де қуаты жоқ дымы қалды.
Жеті ағайын жұт келіп, жұрдай қылып,
Жұртта мені қалдырып, қыбы қанды.
Барынан айырылған сірі жаным
Сіресіп қалай ғана тірі қалды?!.
Сонда да сүйрелеп кеп сүлдерімді.
Көремін көні кепкен сүрлеуімді.
Сосын, осы Шаһарда шаршап жүрем,
Айталмай, қалай өмір сүргенімді.





Пікір жазу