24.05.2022
  156


Автор: Бақыт Беделханұлы

Ырысымды жолдан іздеп жүрген ем...

Ырысымды жолдан іздеп жүрген ем,
Томалақтан – тойдан іздеп жүрген ем.
Ойнақтаған ойдан іздеп жүрген ем,
Кей сəттері «ойнап» іздеп жүрген ем.
Өзі ақылды, өзі сұлу жан жарым,
Сарнамай-ақ, сыр ғып шертіп арманын.
«Əй, ақыным, көп адаспа...» деді де
Қазықтай ғып қағып берді қалғанын;
«Елге қызмет ету шығар, ұлы ісің.
Оған менің тарылмайды тынысым.
Ең бастысы отаулы өлең төсекте
Ерте тұрып, кеш жатқаның – ырысың».
Содан бері өз жолымды білген ем,
Өзгеге де солай өмір сүр дер ем.
Кем болса да үлде менен бүлдеден.
Жел болса да соғып тұрған іргеден.
Бұл дүниеде табылмайды екен ғой
Өз үйіңдей шуақты өлең, нұрлы өлең.





Пікір жазу