24.05.2022
227
Айзадаға, сосын Айға бір қарап...
Айзадаға, сосын Айға бір қарап,
Заман жайлы ойлар жанды тырналап.
Дырдай өлең жазам деп ем жүрегім,
Асқазанға бір-ақ түсті сырғанап.
Айзадаға, сосын Айға бір қарап,
Қарын қамын шырқап кеттім зырлап-ақ.
Содан кейін жапырақтай жанымды,
Əлдекімдер кетті дейсің жұлмалап.
Айзадаға, сосын Айға бір қарап,
Арманымның алқымына гүл қадап.
Аялап ем, бір ұл бердің Құдайым,
Ғайып-Ерен қолдады да Пір-қанат.
...Жадырады жайқалды да нұрлы алап,
Бөбегімді əлдиледім жырға орап.
Енді Ай құбылмаса екен деп тіледім,
Барысхан мен Шерағама бір қарап.
«Əумин!» деді айдай жарық жүрегім,
Айзадаға, сосын маған бір қарап.