24.05.2022
163
Құзырымнан қашқандай құтым, бағым...
Құзырымнан қашқандай құтым, бағым,
Қу ағаштай өртендім, бытырладым.
Не болғанын білмеймін, содан кейін,
Кетірдім-ау тірліктің бүкіл мəнін.
Тас түнекпен жүргендей бір туысып,
Қабағымнан кетпеді бұлтым ұшып.
Дос жылатып айтқысы келгенменен,
Қос бүйірден тұрады күлкі қысып.
Қиын боп жүр жанымның тыншуы бір,
Қашан, қалай ашады бүршігі гүл.
«Қазан ұрмай, қар жаумай» қан
жылатқан,
Қандай ғана сайтанның қырсығы жүр.
Бəрі ішімде, тек мені күрсіндірме,
Кеудемдегі өзгерер дүрсіл мүлде.
...Жүрегім ғой, ойлаған тілегім ғой,
Əйтпесе, əміріміз жүрсін кімге?..
Дос жылатар.., жұбатар тағы сол ма?
Əйтеуір, батпаса екен бағы сорға.
Наркескенді сөз қылып неғыламын,
Нар – жігітті құлатса, намысы орға...