24.05.2022
  174


Автор: Бақыт Беделханұлы

Әже әңгімесі

– Ақ таяқтан мал кетті,
Сапты аяқтан сəн кетті.
Күрсінісіне күрмеліп,
Жантайған күйі шал кетті.
Кешегі долбар ой, Алла-ай,
Бүгінгі күнге дəл кепті...–
Əжеміз белін шарт түйіп,
Əлдебір мұңды əндетті...
«Қасқалдақтан қан кетер,
Жас боздақтан жан кетер.
Аһ ұрып қалған армандар
Адасып жүріп алға өтер.
Жүйкені қылдай ысқылап,
Қорқыттан қобыз – зар жетер.
Бесігі қалып бедерсіз,
Есер ұл өсер ереңсіз.
Нанға айырбастап намысын,
Күн кешіп жатар ел ерсіз.
Кежегесі кейін тартқан заманда,
Кеудесін керегедей керетін,
Келісті ұл болмаса, не дерсіз?
Сөз сатылды – пұл болды.
Көз сатылды – құл болды.
Ана сүтінен айырып Алла қарамас,
...Тіл сатылды – тұл болды.
Тілін жұтқан тас тұнжыр
Мəңгүрт болмай кім болды?!
... Е, е
Ақ таяқтан мал кетті,
Сапты аяқтан сəн кетті.
Күрсінісіне күрмеліп,
Бəленбай деген шал кетті.
Даламен бірге күңіреніп,
Түгленбай деген дəу кетті... »
Шəлімен белін шарт түйіп,
Осылай əжем əндетті...





Пікір жазу