24.05.2022
163
Ешкімге де арналмайды бұл өлең...
Ешкімге де арналмайды бұл өлең,
Естуге де татымайды əн қылып.
…Түсім шығар,
түйсігімде түнеген,
Жаным шығар,
түнде жүрген қаңғырып…
Бір тағдырдың құлағына ен салып,
Еншіледім.
Оған несін бұлданам?
Ерулі атпен еңку-еңку жер шалып,
келсең дағы,
бұлдыр-бұлдыр – бұл ғалам.
Бұл ғаламнан бəз кешкім-ақ келеді,
Ол жақта орын болмаса да сыя алам.
Бұл жақта да орын жоқ қой, себебі,
бар болса да отыруға ұялам.
Қас қылғанға қайтесіңдер қарайлап,
Жазығы жоқ,
жанып-сөнген жанарлар,
Аспан жақтан қараңдаршы,
абайлап,
Өз орнында отыр ма екен адамдар?!..