24.05.2022
  141


Автор: Бақыт Беделханұлы

Ауғанбай туралы арман жыр

Жұрттың бəрі бақытты,
Емес еді ол кезде шырайсыз да.
(Мінейсіз бе еркіңіз сынайсыз ба?)
Қосылып ап бір ойсыз бір ойсызға
«Заман қандай керемет, Ұжмақты
Жасауға болады екен құдайсыз да»
– Деп, бөспелеп мұрынын шүйіреді,
– Қалай? – десең өкшелеп шүйіледі.
Соның бəрін Ауғанбай ағам көріп,
Өртенеді, жанады, күйінеді.
Ауғанбай десе ауыл дүрлігеді,
«Ауған» деді біреулер «жынды» деді.
Сол бейбақтың солқылдап сом жүрегі
Дертті болып жүргенін кім біледі.
Ауғанбайдың атының бар қатасы;
Əулетінің домалап өрге тасы,
Сұрапыл замандарда қуғын көріп
Шетел асып кеткен сол арғы атасы.
...Атасындай деуші еді түр-түсін ел.
Сөйте тұрып қорлайтын бұл кісілер.
Замандардан зауал боп келе жатқан,
Дертті жанның жүрегін кім түсінер?..
...Ауғанбай бір кездері əскер кеткен.
Алты айдан соң сəлемі хатпен жеткен.
«Ауғандамын, аманмын, туыстар көп...»
Үш жылдан соң оралды жаспен
дертпен...
Содан бері ашылмай жұмбақ тағдыр,
Өз жүрегін өксікпен құрғатқан құр.
Өзі теңдес əскерге барған жандар
Ойсыз, мұңсыз несіне бұлғақтап жүр?!.
Бейбіт өмір не деген берекелі,
Қызыл-жасыл қызықты мерекелі.
Алаулатқан жұрт мынау жалаулатқан
Ауғанбайдың қасынан неге өтеді?!.
Неге өтеді ылайлап тұнық мұңды,
Бір сұмдықты біледі ол, біліп тұрды.
«Сайқымазақ сайтаны – социолизм
Көсемдер миығында күліп тұрды».
Оны айтса жұрт санайды мұны күнə,
У салып жібергендей тұнығына.
Мұңсыз еді əйтеуір ауыл түгел,
Қырсыз еді Ауғанбай қылығына.
Біреулер басы кеткен ауыш деп жүр.
Біреулер арда туған арыс деп жүр.
Енді бірі қан көрген қасапшы деп,
Енді бірі ойнап жүр намыспен бұл!..
«Бұл намыс – азаматқа асқақ еді.
Арға қалқан етеді басқа нені?!
Тобыр түбі – топалаң құрдымға айдап,
Талайларды жаламен жасқап еді.
Бұл намыс – ата-баба ақ сауыты.
Бұл намыс – шаһиттердің жас табыты.
Бұл намыс – ұл мен қыздың бақыты
үшін,
Жығылмайтын жыға мен бастағы үкі.
Бұл намыс – қуат алып алып күштен,
Запыран ғып шығарды зарықты іштен.
Бұл намыс – алты басты аждаға мен
Аюдың да бастарын қағып түскен.»
Осындай ой кеміріп, титықтаған
Ауғанбайды ешқашан жұрты ұқпаған.
Намыссызға нан беріп сонда еді ғой,
Намыстыға кезелген мылтық-қоғам...
Жарамады ел тағы да бел буғалы.
Кімге керек туған ел, жердің қамы?
Ауғанбай Алматыға аттанғанда,
«Құтылдық» деп қуанған елдің бəрі.
Белгілі бұл шаһарда рухтың бары.
Желтоқсанда жаңғырып ұлттың бағы,
Мұзда жанған алауға айналғанда
Сол Ауғанбай туралы жұрттың бəрі;
–Біздің бала кешегі Ауған көрген,
Ауған көрген батыр боп жаудан келген.
Намысым! – деп əруағын ту көтеріп,
Арысым! – деп, жылады – арманда
өлген!..
...Емес қазір бұл заман шырайсыз да,
Мінейсіз бе, еркіңіз сынайсыз ба?..
Кешегі Ауғанбайдың ер мінезін,
Қалай болды екен деп сұрайсыз ба?
Тек қосылып кетпесе екен кешегідей
Құдайсыз құдайсызға,
Бір ойсыз бір ойсызға!..





Пікір жазу