24.05.2022
  168


Автор: Бақыт Беделханұлы

Ақын-ажалы

Тəтті өмірге келіп еді Ол – ащы үнмен.
Келіп еді Ол – бір алапат тасқынмен.
Сөз-патшасы жүрегінде жаңғырып,
Тайталасты Тағдыр дейтін тақсырмен.
Тайталасты тағдырымен таласты,
Таласудың басы, соңы – бəрі ащы.
Жарасудың жөнін таппай жабығып,
Жазған жыры жан жарасын тағы ашты.
Жыр жазбаса кететіндей жынданып,
Біртүрлі ғой, Ақын дейтін, бұл – халық.
Жазған жырын жел тыңдаса мұңданып,
Ел тыңдаса қалатұғын бұлданып.
Тыңда, ақынды,
көпірі жоқ – Көл-Ана,
Тыңда, ақынды, нөпірі көп Жер-Ана,
Тыңда, ақынды, тіреуі жоқ көк Аспан,
Тыңда, ақынды, Аспантаулар көкала!
Өзегіңе шоқ боп түсіп, маздаған
Алау жырдан аунап түсіп, домала!
Домаланған мынау ғапыл дүниеде
Өз мұңыңды тыңдамауға бола ма?
Жан иесі келмей тұрып жалғанға,
Көктен саулап жұлдыз-жырлар жауғанда.
Өлі əлемге өлең арнап отырып,
Жылап-жылап алған шығар Аллам да!..
Жылап-жылап алған шығар, жас төгіп,
...Бір бір тағдыр болған шығар, тас та еріп...
Содан, бəлкім, қалған шығар, мəңгілік
Адам ата – Һауа ананы дос көріп.
Кім түсінер жан беріскен достықты,
Досын кімдер, кімдер досты өксітті?
Тағдырына тайқы болған талайлар,
Қос ауылдың арасына қос тікті...
Болмайды ғой пенделердің дегені,
Келсе дағы ақыл, ойдың кемелі.
Кейігенде кейде суық өмірге,
Жылы жаққа құс боп ұшқым келед
Қиялымның қия жолын бетке алып,
Кейде қалқып бара жатам көкте ағып.
Сол кезде анау жылатады жұлдыздар,
Маңдайымнан шертпесе де шет қағып.
...Арманымның киік қашып қырында,
Сағым құшып қалып едім бұрын да.
Арзу айтпай аттан түсіп, ал енді,
Қыранымды қондырайын тұғырға.
Ол ішіп жүр..,
кім бар дейсің, соры аппақ?
Ішсін, мейлі, күні-түні сораптап.
Жүрген шығар тандырланып тағдыры,
Күйген шығар қарығанда шөл, аптап?
Мына өмірдің мың бұралаң соқпағы
Кімді апарып тау мен тасқа соқпады.
Кеше ғана кеміс туған кещелік
Ақындардың өлең-жырын соттады...
Ал, ақындар, өлмесе де дем үзді,
Болашаққа айтамыз деп немізді.
Əлгі əккілер атқа құлын емізіп,
Жан, жүректің жатқа мұңын жегізді.
Кімге айтамын сол наза мен сол назды,
Нар-намысым шөге-шөге, ...ол да азды.
Шам орнатам деп жүргендер ор қазып,
Бақ орнатам деп жүргендер сор қазды.
Сор да сондай содыр болар деп пе едім,
Көген көздің көз жасындай кеппедім.
Кеше, бүгін, ертең тағы жыласам,
Кешір мені, кесірлі емес, кекті едім.
Ойымда жоқ үмітімнен қол үзбек,
Домбыраға қосылғандай қобыз кеп.
Кең далада күңіренемін, көшемін,
Ғасырлардан ғасырларға жол іздеп.
Жолдар, жолдар таспа тілсін жонымнан,
Бар дүние жасай берем жоғыңнан.
Соқыр тұман тұрса дағы оңымнан,
Соқыр күмəн туса дағы солымнан.
Тарпаңымның тартсам да айыл,
тартпасын,
Тағдыр маған бос күлкісін артпасын.
Арманыма тіресем де ат басын,
Қайғы, мұңның қағып тұрам қақпасын.
Жан бейбақты жалықтырып жалған-боқ.
Ынтықтырды, зарықтырды заңғар көк.
Жұмыр жердей жүрегіме жүк артып,
Адассам да алған беттен танғам жоқ
Отқа түстім, еш күдіксіз, күмəнсіз
Ақыр түбі қарсы алатын Аллам деп.
О, Қасірет!
Сол дəруіш – шерменде,
«Сыймадым» деп, мына доғалшеңберге.
Өзін өзі өртеп тастап өлеңмен
Жан таппай жүр жерлеуге...
Сіңір-саусақ сірі-жанның – бар-жоғы...
Асау тағдыр ажырғыға салды оны.
Домалатып жоқ іздеген сол жанды
Тентіретті тірлігінің тар жолы.
Тарыққанға тіл-ащы да ар-тəтті,
Жабыққанға болар ма екен жан тəтті?
Адасқанның артындағы мың соқпақ,
Тарамыстан таспа тіліп тарқатты...
Жар таңдаудан жолың егер болмаса,
Жар жағалап жалғыз бағың қонбаса.
Тірлігіңнің көші жолда оңбаса,
Тəтті өмірден дəметпегін онда аса!
Жəутеңкөздің жан жарасын кім көрер,
Жетім көңіл түңілер де түрленер.
Құдай болып кетпеген соң жалғыздың
Маңайына түлен түртіп, жын келер.
Бір ішкіш дос, дерт шығарды ішімнен,
Е, мен оны айтпаса да түсінгем.
Қайыршының алдында да кішіргем,
Күндіз ойдан, түнде шықпай түсімнен.
Ақиқатты ащы шайнап жұтқанмен
Онсыз да тұл – тірлігімді құптар ма ең.
Құламаған намысыма жыладым,
Өзімді өзім орға апарып жыққанмен.
Сонда дағы ой болмады жасымақ.
Жанарымның жасын нұры шашырап.
Азабымды арқаладым, аш жүрдім
Қойынымдағы бит, бүргемді асырап.
Кінəм да жоқ, өкпем де жоқ қоғамға.
Ойлы көзбен қарап жүр ғой обалға.
Менің тəтті қанымды ішкен – бит, бүрге
Жаным күйіп кетеді де соларға.
Бос шөлмек пен темір-терсек тергенім,
Екі тілім нан болатын «ермегім».
Күні-түні дамып жатқан елімде..,
Ертелі-кеш еш боп кетті еңбегім.
Үйсіз-күйсіз. Жалғыз жүрек – жұмағым.
Күндіз де сол, түнде де сол – тұрағым.
Мейірім мен көңілді аңсап, кей сəтте
Жүрегімді зорықтырмай жыладым.
«Бар байлықтан» мен осылай тоналдым.
Өкпелейді дейсің енді оған кім?
Өкіметке тимесін деп кесірім,
...Қайыр сұрап отыратын боп алдым.
Кей кездері жарға ұрғанмен ой-ағын,
Бергенге емес, көңілге де тоямын.
Бақыр тиын түспей қалған күндері
Адамдарша намыстанып қоямын.
Айырылып шын ниетті көп ойдан,
Тағдырымның болған кезде жолы ойран.
Өлімші ғып, өлтірмеген мені əлі,
...Апам берген қара нан мен көк айран.
«Адал бол!» деп, айтушы еді жарықтық,
«Шүкір...» десе, біз де ниет таныттық.
Нəн табаққа нан салмайтын тағдырға
Қалай көну керектігін жаңа ұқтық..
...Кейде, қуат, күш байланып,
...Кейде, ашумен тіс қайралып,
Қайыры жоқ қайран күндер
Кетсе деуші ең түске айналып.
Айыбы жоқ арман күндер
Көшсе деуші ең, құсқа айналып...
Өзің неге кете алмадың
Қанатыңды құстай қағып?..
Бір-ақ күнде бақ та жайнар, сор қайнар.
Бір-ақ күнде жөнсіз сөзің, жол байлар.
Дəн теріп жүр жапасынан сыйырдың,
Біздер, əлгі.., бұлбұл дейтін, торғайлар...
Қатар сүйіп, аялар деп, көк пен жер,
Пенделер-ай, тым асқақтап кетпеңдер.
Адал ғой деп аялайтын біз, əлгі..,
Күресінде күркілдеп жүр кептерлер...
Көшке ілесіп шаппасаң да желе біл,
Көңіл көркі бола алмаған, не өмір?
Көл шарасын шайқап, төккен шағала
Қора артында қоразданып неге жүр?
Ұшса, қонса бірге қанат қағатын,
Махаббаттан-нұрдан лəззат табатын.
Айдынында Ай мүсінді аққу құс,
Ол да мұңға малып отыр қанатын.
Құс патшасы киелі еді, тұмарлы,
Шыңнан биік шырқайтұғын шынарлы.
Бір миғұла ит жеместі жегізіп,
Торға қамап ұстап отыр қыранды.
Қолдан қолға ұшыратын сеңсең бел,
Айыр құйрық құсым да жоқ, сенсеңдер.
Бұл күндері кемпір, шал да кеміді
«Қарлығашым, келдің бе?..» деп
кемсеңдер.
Адамдардың ішін кеулеп аласы,
Дүниенің ардан артып бағасы,
Жүректерден жылу кеткен заманда,
Құс болу да қиын боп тұр, шамасы...
Сен – шынар ағаш басы едің.
Мен – тобылғының көзі едім.
Бір кезде тіпті жас едің,
Мен ол кезде, бəлкім, жоқ едім.
Мұңсыз бақытты күндерді
Кіммен бөлісемін, дедің бе?
Сосын, тағдырың тамшы мұң берді
Жалғыз неге ішемін дедің бе?
Жауған қар сынды жаныңды,
Уақыт ерітеді ғой дедің бе?
Мен айнымайтұғын кəдімгі,
Айналғым келген сенімге.
Қанша сүйсең де өмірді,
Сездің бе, көңіл түрмесін.
Түгі қалмағандай көрінді.
Түбі өлетінімді білгесін.
Көрікті қылатын көңілді,
Үміт деуші едім, тегінде.
Алғаш, шын түсінгенде өмірді.
Көңілсіз болғаным бар менің де.
Үсін, мейлі,түсінбе шын өмірді
Үзіп кете алмайсың шідеріңді.
Шікəмшіл – дүние кімнің шікірəсі
Шіркін-ай, білмесең ғой шіренуді.
Бірібір, себеп көп-ті бұл өмірде,
Себепсіз жүре алмайсың біреуің де.
Бағың жүр.., жақсылардың жүрегінде,
Сорың жүр.., жамандардың тілеуінде.
Бəрі бір, бақ па сор ма қай-қайсысы
Жалдап жүрген жаныңның айғайшысы.
Күреңін мінгізсе де Күндей кісі,
Ақбозын мінгізсе де Айдай кісі...
Жетпейді Өгізіңе өзің мінген,
Өзің мінген Өгізге сөзің жүрген.
Қайтесің кісінікін кісінетіп,
Өз ғұмырың...
басқадан безін, мүлдем!
Мені де дедектетті мына тағдыр,
Жылатып, өзімді өзім жұбатам құр.
Сұратып менде жоқты, желеу етіп,
Жетім өкпе көңілімді құлатар бір...
Білмеймін, не десе де мына жазған,
(Қашанда білем, білем, шыдам озған)
Мен қалай шат күлкіні өшіре алам,
Десе де, ...ұрланып кеп ұра қазған.
Білмеймін, не боп кетті мына жолым?
Мына жол көрсетпей тұр құба жонын.
Өтпейді-ау, өкініштің өтпелеңі,
Жетпейді-ау, шын бақытқа сірə, қолым!..
Сонда да бұл – сиқырдың сыры мұң ғой,
Сол мұңға батқан менің шырылым ғой.
Бірақ, мен бақытсызбын дей алмаймын
Өйткені, Ол – менің ғана ғұмырым ғой..!
Жабағы жүні жалбырап,
Жанары мұңлы бір бейбақ.
Күледі маған қан жылап,
Жылайды тағы кімді ойлап...?
Кімді ойлап,мейлі, жыласын
Басында қалып жар, құздың.
Тағдырына артқан күнəсəн,
Жазығы қанша жалғыздың..?
Жабағы жүні жалбырап,
Жанары мұңлы бір арман.
Кетейін десе қарғылап,
Қамкөңіл жаны жыларман.
Аяғында ескі бəтеңке,
Бауы жоқ, сырма, түгі жоқ.
Қолында жарты-бөтелке
Ойнайды көздің жыны боп.
«Молдаван қызын сүйіп ем,
Ол мені тастап кетті...» деп,
Жанының үнсіз күйімен,
Билейді жерді тепкілеп.
Билейді дағы жылайды.
Болжаулы өмір жоқ алда.
Қайырға көңіл сұрайды.
Қайырымсыз мына қоғамда.
Жек көріп тұрып, жұбаттым
Болмаған жанды жолы ұдай.
...Сен оны неге жылаттың,
Өмір-ай, өмір, өмір-ай?..
Жалғанның кемесін,
Жалдап ап келесің.
Қай маңда қайраңдап,
Қай жерде өлесің...
Дауылды дүрмегін,
Жауынды күндерін.
Жаныңа жалау ғып,
Жалпылдап жүргенің.
Мəңгілік көгіңнің,
Сан күдік жеріңнің.
Салмағын өлшейтін,
Өзі ғой өмірдің.
Арқалап ар жүгін,
Тартатын барлығын,
Таразы емес пе,
Тарамыс-тағдырың.
Жығылса бақ туың,
Жыласа аққуың.
Арыңды кірлетер,
Алаңсыз шаттығың.
Жан едім ақ көңіл.
...Не деген тас-темір
тілімді тістетті-ау,
Жанымнан тəтті өмір.
Осынау, ақ мекен,
Сор ма екен, бақ па екен.
Адасқақ арманым,
Қай жолға тартты екен.
Сол жолға сап кеткен,
өмірді тəтті еткен.
Сұп-сұлу сұм ажал,
Ең соңғы хат па екен?
Сұп-сулу сұм ажал
Ең соңғы бақ па екен?





Пікір жазу