24.05.2022
254
Жалғыздық
Ай да жалғыз, күн де жалғыз, жер
жалғыз,
Сен де жалғыз, ел ішінде мен жалғыз.
Жалғыздықтың жаутаңдатып жанарын,
Екеу десек біреуіне енжармыз.
Шыңда шынар жалғыздықты ұқтырып,
Ақырында құлайды екен тік тұрып.
Аққу да əне, айдынынан адасқан,
Жүректерін жұбатуда жұп құрып.
Менменсіген Алатау да бір күнде,
Жалғыздықтан шашы ағарды бұл күнде.
Шақша басым, ақ шаласың демеймін
Ақ шалғанша екеу болсын күлкім де.
Күнде алдайды жылмыңдаған жарықтар,
Алданбауға жан-тəніңді салып қал.
Екі-екіден еркелеп қал өмірде
Ешқашан да егіз болмас табыттар.
Лəйлə, Лəйлə, Лəйлə деумен сор атын
Жамылды да кетті, білем, сол ақын...
Ақылыма ақыл қосшы адамдар,
Жүрегіме жүрек керек соғатын!