Тобыр түбі – топалаң...
Тобыр түбі – топалаң.
Тобылғы түбі – сап қамшы.
Топ жылқым қайтты жотадан,
Торысын бөлек баптап бақсамшы.
Тəбəрік боп қалған еді ғой атадан,
Төбеліне қара күйе жақсамшы.
Қазан-қазан ет астым,
Бастан жақты айырып бөлек салсамшы.
Көмейіне от тыққанша ошақтың,
Бойына сіңбей көбігін ерте алсамшы!..
Табақ тартып қазанымды босаттым,
Жауырынын жаныма сақтап қалсамшы...
Бақытын ойлап ем басқа ұлттың,
Басым бақбақтай гүлдеді.
Жел тұрмасына бəс тіктім,
Анық-ты оны заманның желі үрлері.
...Асығып жүріп тас жұттым,
жаналқымдап жаһандану дүрмегі.
Алты малта ас еді,
Алты айшылық жолға шықсам да.
Тұғырым – алтын ердің қасы еді,
Алтауды асқақ тұтсам да.
Намысым əр кез ар алдындағы бəс еді,
Сол үшін басымды көрге тықсам да.
Тəңірім бағын қиған күн,
Еңсемді тіктеп, ес жидым,
...Табалдырығы құйма алтын,
Есігінен еңкейіп кірер ескі үймін!
Жоқ іздеп кеткен арманның
Мен қашан сүйіншісін естимін?!